Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай және «АLTYN KÚZ – 2023», «Қала күні» мерекелік іс-шаралары аясында Жетісай қаласындағы «Жеңіс» алаңында Жетісай ауданы әкімдігінің қолдауымен «Оқырман ұлт» тақырыбында кітап көрме-жәрмеңкесі өтті.
Кітапқа деген қызығушылықтарын арттыру, жаңа кітаптармен таныстыра отырып азаматтар арасында кітап оқуды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға «QAZYNA», «ОТБАСЫ хрестоматиясы», «Olja Peak», «MARFU book», «MAZMUNDAMA», «Qasym kitaphanasy», «KitapAl», «Steppe&world», «Ziyat», «Qyr Balasy» секілді Алматы қаласынан шақырылған 10 баспа түрлі жанрларда жазылған 15 мыңнан астам кітапты көпшілік назарына ұсынды.
Сонымен қатар жастар арасында кітап оқу дәстүрін жаңғырту мен кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Бағдат Құдиярмен, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының негізін қалаушы, шығыстанушы, логотерапевт, «Бейсен және болмыс», «Өмірге ғашық болу», «Өркениетті адам» кітаптарының авторы Санжар Керімбаймен және «Кітапты не үшін оқимыз?», «Жылдам оқу», «Мінезді өзгерту алхимиясы», «Әдет күші», «Супержады» кітаптарының авторы Мирас Кесебаевпен кездесулер, кітап пен кітап оқу туралы танымдық дәрістер өткізілді.
Айта өтсек, облыста 390 кітапханада өткен жылы 3 858 көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, оған 230 382 оқырман қатысқан. Сондай-ақ, өңір кітапханалары 121 686 дана жаңа кітаптармен толыққан. Бұдан бөлек, «Ең көп оқылатын 100 кітап», «Алтын қорға үлес қос», «Кітапханаға сый» акциялары ұйымдастырылып, 18 090 дана кітап кітапханалардың қорына сыйға берілген. Есте болса, Жетісай аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы Түркістан қаласындағы «Фараб» кітапханасының қорына 200 дана кітапты сыйға тартқан еді.
«Kitap Travel — 2023» жобасы аясында ұйымдастырылған «Жер жұмағы Жетісайдан – рухани Түркістанға» атты іс-шараға Түркістан қаласы әйелдер алқасының төрайымы, ҚР Мәдениет қайраткері Ұлжан Мұстафаева мен «Құрмет» орденінің иегері, тарих ғылымдарының кандидаты Баян Адырбекова қатысып, сөз сөйлеген еді.
Ал, «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова мен Жетісай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Асима Жүнісова аталмыш жобаның мақсаты мен маңызына тоқталды. Сондай-ақ, белгілі журналист, сазгер, профессор Бекжігіт Сердәлі де өзінің жылы лебізін білдірген болатын.