Созақ ауданының білім бөлімінің жылдық жоспарына сәйкес «Созақ» мектеп-гимназиясында «Білім беру процесінде цифрлық оқулықтарды қолдану» тақырыбында семинар өтті.
Кітапханашылардың цифрлық құзыреттілігін дамыту, кітапханашылардың кәсіби шеберлігін дамыту және жаңа идеяларды насихаттау, өзара тәжірибе бөлісу мақсатында өткен семинарға аудан мектептерінің кітапханашылары қатысты.
Семинар барысында «Созақ» мектеп-гимназиясының кітапханашысы Б.Тажибаева оқырмандардың оқу сауаттылығын арттыруда «Мен оқыған бір кітап» тақырыбында «READx» жобасын таныстырды. «Кітап оқудың бала логикасының дамуына әсері» тақырыбында Ж.Рысдәулетова шебер сынып өтті.
Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп кітапханашысы С.Сейтжанова «Мысалдар хақында бір сөз» тақырыбында мәтінмен жұмыс көрсетсе, Д.Татенова «Ақылды кітап» тақырыбында әр түрлі ойындар арқылы әдіс-тәсілдер мен тәжірибе алмасты. Әдістемелік кабинет әдіскері А.Қалманбаева «Цифрлық электрондық оқулықтарды қолдану» тақырыбында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Шара соңында семинарға қатысушылар кітап көрмесімен танысып, пікір алмасты.
Шолаққорған аудандық кітапханасында 385 мыңнан астам кітап болса, олардың 8500-і құнды кітаптар, яғни, көп кездесе бермейтін туындылар. Сонау 1950 жылы жарыққа шыққан дүниелер де қаз-қалпында сақталған. Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, мұнда жылына 6 мыңға жуық кітап тұрақты түрде оқырман қолына тиеді. Тағы бір айта кетерлігі, аудандық кітапханада соңғы 32 жылдан бері «Егемен Қазақстан», «Оңтүстік Қазақстан», «Казахстанская правда», «Жас Алаш», «Молшылық үшін», «Теріскей», «Созақ үні» газеттері сынды мерзімді басылымдардың мұрағаты сақталған. Рухани азық мекені елімізге танымал тұлғалар тарапынан жоғары бағасын да алып үлгеріпті.
«Біздің кітап қорымыз көркем әдебиетке өте бай. Бізде балалар әлем әдебиетінің барлық томы сақталған. Әрине, бұл – біз үшін мақтаныш. Сонымен қатар, энциклопедиялық, анықтамалық, ғылыми кітаптардың да түр-түрін таба аласыз. Осыдан біраз жыл бұрын Сауытбек Әбдірахмановтың өзі бір келгенінде «Пушкин еңбектері және қазақша зерттеу» кітабын осы жерден көріп таң қалған. Ал жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза ағамыз біздің кітап қорымыз Астана кітапханаларымен бірдей деп бағасын берген», – деді кітапхананың ақпараттық және биографиялық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Сәуле Бораншиева.
Технологияның қарыштап дамыған заманы оқырман санына өзіндік салқынын да тигізбей қоймаған. Бұл тұрғыда қызметкерлер оқырман қызығушылығын арттыру бойынша тұрақты жұмыстар жүргізіп келеді екен.