Жеке кәсіпкер өз қаражаты есебінен салып берді. Төлеби ауданында спорт және өнер кешені пайдалануға берілді. Төлеби ауданы, Қасқасу ауылдық округінде спорт және өнер кешені пайдалануға берілді. Бұл нысанды Керегетас елді мекенінің тумасы жеке кәсіпкер Талғат Сейтов өз қаражаты есебінен салып берді. «Сейтұлы Үсен» деп аталған спорт кешенінің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров спортқа жанашырлық танытқан кәсіпкерге ризашылығын білдіріп, ауыл жастарын дене шынықтыруға баулып, салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік туғызған азаматтарға аудан әкімінің «Алғыс хаты» мен аудандық мәслихаттың Грамотасын табыс етіп, осы спорт кешенінде жатыққан өрендер арасынан чемпиондар шыға берсін деген тілектерін жеткізді. Сонымен қатар салтанатты шарада әлем чемпиондары Арман Оспанов пен Біржан Жақыпов та құттықтау сөз сөйледі. Спорт кешенінде спорт залы, жабық футбол алаңы, киім ауыстыратын бөлмелер мен душ бөлмелері және үйірмелерге арнайы бөлмелер қарастырылған. Мұнда жылдың төрт мезгілінде де спортпен шұғылдануға мүмкіндік бар. Шарада ауыл халқы ел үшін еңбек еткен Талғат Сейтовке алғыстарын жеткізіп, иығына шапан жауып, ат мінгізді. Спорт және өнер ғимаратынан тоғызқұмалақ, шахмат, домбыра үйірмелері де іске қосылып, жастарды спортқа ғана емес, өнерге баулу жоспарлануда. Айта кетсек, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау жұмысын жандандыру бағытында Төлеби ауданында көптеген игі істер атқарылуда. Бүгінде ауданда спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Осы мақсатта биыл 6 кіші футбол алаңшалары салынды. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бірінші Мамыр елді мекеніндегі спорт кешенінің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ Көксәйек елді мекенінде заманауи спорт кешені салынуда. Жалпы аудан аумағында 400 спорттық нысандар жұмыс істейді. Оның ішінде, 68 спорт зал, 294 спорттық алаңдар, 1 стадион, 2 жүзу бассейні бар. 2023 жылдың 10 айында спортпен шұғылданушылар саны – 50950 адамға жетіп отыр. Яғни, жалпы халықтың 41,9 пайызын құрауда. Жалпы аудан бойынша балалар мен жасөспірімдерді 116 кәсіби жаттықтырушы-маман баптап жүр. Төлеби ауданынан Түркістан облысының чемпионаттары және ашық біріншіліктерге қатысқан 266 жас жүлделі орыннан көрінсе, республикалық жарыстарда 132 азамат жүлдегер атанған. Халықаралық жарыстарда – 33, Азия біріншіліктері мен кубогі – 9, әлем біріншілігінде 1 спортшы чемпион атанған.