Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданының әкімі білім, оқу орындарын арнайы аралап, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Арнаулы оқу орындары қоғамда әлеуметтік-экономикалық дамуда маңызды рөл атқаратыны рас. Талапкерлердің бәсекеге қабілетті маман болып шығуы жолында оқу ордаларының атқарар қызметі айырықша. Сондықтан да аудан әкімі Арман Айдарұлы аудандағы бірқатар колледждерді аралап, ондағы материалдық-техникалық базасымен және кәсіптік даярлаудағы соңғы жаңалықтарымен танысты. Жұмыс сапары алдымен Қабланбек аграрлық-техникалық колледжінен басталды. Аудан басшысы колледж ұжымымен және студенттермен жүздесті. Аудан жастарын кәсіптік, техникалық мамандықтарға баулып отырған колледждің бүгінде орта арнаулы оқу орындарының ішінде өзіндік алар орны ерекше. Аралау барысында колледж директоры Баглан Шыганов аудан басшысына аталған білім ордасының материалдық-техникалық базасын таныстырып, кәсіптік даярлаудағы соңғы жаңалықтарымен бөлісті. Жалпы 1100 орынды білім ордасында бүгінде 784 студент білім алуда. Орта арнаулы оқу орнында жастардың зертеулік жұмыс жасауына бар жағдай жасалған.
Сонымен қатар, Арыстанбаб колледжі де назардан тыс қалмады. Оқу орнындағы айтулы жаңалықтармен колледж директоры Арслан Асанов таныстырып, оқытушылар мен студенттердің жетістіктерін тілге тиек етті. Қазіргі таңда оқу орны еңбек нарығына аса қажетті , халыққа қызмет ететін бастауыш білім беру, дене тәрбиесі және спорт, шетел тілінен бастауыш білім беру, мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, тәрбиешінің көмекшісі, құқықтану, заңгер, есептеу техникасы және ақпараттық желілер, бағдарламалық қамтамасыз ету, емдеу ісі, фельдшер, акушер, мейіргер ісі, фармацевт мамандықтары бойынша жан-жақты, білімді, білікті кәсіпқой жұмысшы мамандарды оқытып, дайындауда. Аудан әкімі талапкерлерге оқуға зейін қойып, білікті маман болып шығу басты мақсат екенін айтып, ашық әңгімеге тартты. Колледжде мамандар даярлап шығуға арналған озық оқу-техникалық құралдармен жабдықталған 54 оқу кабинеті бар. Білім ордасында кітап қорыда жеткілікті болып шықты.
Арыстанбаб колледжі 2003 жылы ҚР үкіметінің қаулысына сәйкес бой көтерген. Білім ордасының негізін қалаған — Асанов Арслан Арынұлы. Алғашында білім ұясында тек гуманитарлық сала мамандарын әзірленген, 2006 жылдан бастап халықтың сұранысына байланысты, Сарыағаш өңіріне білікті медицина мамандарының қажеттігін ескеріп, медицина мамандарын даярлауды қолға алған. Қазіргі таңда колледж қызметкерлері озық технологиялар мен сапалы білім беру аясында, бәсекеге қабілетті мамандар даярлап шығару арқылы ел экономикасына үлес қосу мақсатында аянбай еңбек етуде.
Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық кеңесте білім саласын да қозғаған болатын.
«Қазіргі заманда дамудың басты кілті – білім. Біз заман талабына барынша бейім, сондай-ақ жарқын болашақты өз қолымен қалайтын жасампаз ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. PISA халықаралық зерттеуіне қарасақ, еліміз соңғы 10 жылда орта білім сапасы бойынша 80 елдің ішінде елуінші-алпысыншы орыннан көтерілген жоқ. Демек, жағдайымыз мәз емес. Басты түйткілдің бірі – балалардың білімін біржақты бағалау. Елімізде білімнің сапасына емес, көрсеткіштің жоғары болуына баса мән беріледі. Оқушылардың бірыңғай ұлттық тестілеуден алған бағасы мен мектептегі бағасы екі түрлі. Айырмашылық 30 пайыз немесе одан да көп болуы мүмкін. Сондай-ақ осындай алшақтық халықаралық және ұлттық бағалау кезінде байқалады. Ашығын айтсақ, мұның бәрі жаппай белең алған көзбояушылықтың кесірінен болып отыр. Өзіңді өзің алдау жарға жығады» — деді келелі кеңесте.
Облыс тұрғындарының демографиялық өсімі жыл сайын жоғарылап келеді. Осы көрсеткішке қарай, 2021-2025 жылдар аралығында үш ауысымды мектептердің мәселесін, мектептердегі оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында кезеңімен 199 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Өткен оқу жылында облысымызда 508 мыңнан аса оқушы білім алды. Ал, биылғы жаңа оқу жылымен салыстырғанда тағы үш мың оқушы қосылған.
Биыл 59 мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 20,7 млрд. теңге қаржы бөлінген. Осыған орай, 34 мектептің (оның ішінде: бюджет қаржысы есебінен 21 мектеп, жекеменшік 13 мектеп) құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы әзірленуде. Жобаның негізгі мақсаты: үш ауысымды, апатты мектептерді толығымен жою, білім беруге қол жеткізу талаптарының біркелкілігі мәселелерін шешуді көздейді.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы Мемлекет басшысы жолдауында «…Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» екендігін жеткізген.
Бұрындары «Жүз мектеп, жүз аурухана» сияқты мемлекеттік бағдарлама жүзеге асқан болса, енді Жайлы мектеп жобасы қолға алынды. Бұл жобаның ерекшелігін аңғармаған адамдарға Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында «Жоба өзінің ауқымы мен өзектілігі жағынан ерекше. Сондай-ақ оған ұқсас ешқандай жоба жоқ екенін атап өткім келеді. Ең бастысы, ол толығымен республикалық бюджеттен қаржыландырылған» деп жазба қалдырған.
Білім саласы осы жылдар ішінде бірнеше реформаны бастан өткерді. Оның арасында табысты жүзеге асқандары да, маңдайы тасқа тигендері де бар. Демографияның, ауылдан қалаға қоныс аударушылардың саны күн санап артқан соң жіті үш ауысымдық мектептер мәселесі ушығып кетті. Бұл туралы Президент Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында:
– Өкінішке қарай, бүгінге дейін көп талқыланғанына қарамастан, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан осы ұлттық жобаның жүзеге асырылуы Үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуға тиіс. Үкімет пен Есеп комитеті әрбір теңгенің көзделген мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз етуі қажет. Әкімдер жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым жөніндегі барлық мәселені шешуі керек. Мұнда еш ақталудың реті жоқ. Сондықтан өңір басшыларының жеке жауапкершілігін күшейту жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Құрылысы 2023 жылы басталуға тиіс мектептер үшін жер учаскелерін бөлу және инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселе бір ай ішінде шешілуі керек. Қалғандары жыл соңына дейін. Үкіметке әрбір өңірдің осындай міндеттемелерін айқындап, олардың орындалуын бақылауды тапсырамын, – деді.
Дегенмен биыл 300 және 2500 орындық мектептер салу жоспарда аясында облыс аумағында 2023-2025 жылдар аралығында 86 мектептің құрылысын салу ұсынылды. Сексен алты білім ордасының құрылысы салынған жағдайда облыста 64 300 орынмен оқушы қамтылатын болады. Нәтижесінде екі ауысымда 128 600 оқушының білім алуына жағдай жасалатындығы анық. Биыл облыста төрт апатты мектептің құрылысы басталып, ағымдағы жылдың соңына дейін 2 апатты мектеп пайдалануға беріледі.
Осы кезде облыста жалпы 1406 мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс жасауда (267- мемлекеттік, 1007- жекеменшік, 86 – мектеп жанындағы шағын орталық). Жалпы мектепке дейінгі ұйымдардың үлесінің 74,0% жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар құрайды. ҚР Премьер-Министрі мен облыс әкімі арасында түзілген меморандумда 2022 жылы 3-6 жастағы балаларды толық жүз пайыз қамту қарастырылған. Жаңа оқу жылында 961 орта білім беру ұйымында (905-мемлекеттік, 56-жекеменшік) 511158 оқушы оқитындығы болжануда. Биылғы бірінші сыныпқа 54570 оқушыны қабылдау жоспарланған. Орта білім беру ұйымдарының білім сапасын арттыру мақсатында толыққанды оқу процесіне қажетті барлық функциялардың жиынтығы бар бірыңғай нтеграцияланған «Bilim Land» білім беру онлайн платформасы арқылы жүргізілуде. Барлық орта білім беру ұйымдары «BilimLand» білім беру платформасына толық қосылды. 2022-2023 оқу жылына оқулықтар сатып алуға және тасымалдауға 5 млрд теңге қаржы бөлінген болатын. 2022-2023 оқу жылына 2-сыныптың оқулықтарын қайта басып шығару және 7-сынып үшін «Физика», «Химия», «Биология» қостілді оқулықтары мен 5-11 сыныптар үшін «Абайтану» оқулықтары, арнайы коррекциялық мектептердің 8-9 сыныптарына арналған оқу әдебиеттері сатып алынуда. Облыс бойынша 2025 жылға дейін 324 мектепті жаңғырту шеңберінде «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында 324 мектептің кітапханаларын жаңғырту (материалдық-техникалық қамтамасыз ету, кітапханалардың қазіргі заманғы интерьерін жасау) жоспарлануда.
Арыс, Созақ, Сауран, Сарыағаш және Отырар аудандарында оқушылар үйлерін ашып, оқушыларды үйірмемен қамту қажеттігі туындаған. Облыстық ювеналды полиция есебінде 2021 жылдың қорытындысымен 651 бала есепте тұрады (2020 жылы – 608). Аймақ бойынша кәмелетке толмаған балалар арасындағы қылмыстар 12%-ға, яғни, 158-тен 139-ға төмендеген. Биылғы балалар жылын ұйымдастыруға арналған кешенді жоспар бекітіліп, жетпіс үш іс-шараға 325 млн теңге бюджеттен бөлінді. Жергілікті 919 ата-аналар комитеті жұмыс атқарады. Аудандық, қалалық білім беру ұйымдарында тоғыз жүздан астам ардагерлер, әкелер, тәлімгерлер кеңестері бар. Барлық мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен толық қамтамасыз етілген. Ендігі кезекті дабыл батырмаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда екі жүз мектепке дабыл түймелері орнатылды. Алдағы уақытта бұл мәселені толығымен мемлекеттік-жекешілік әріптестік шеңберінде шешу жобасы қарастырылуда.
26 197-і ерекше білім беруді қажет ететін балалар есепте тұрады. Оларға отыз бір арнайы білім беру ұйымдары қызмет етеді. Инклюзивті білім беруге жағдай жасаған білім ұйымдарының саны – 550 (58,2%). Бұл көрсеткіш еліміз бойынша қырық бес пайызды құрайды. Жалпы орта білім беру ұйымдарында 345-арнайы педагог (2020-2021 оқу жылында 253 арнайы педагог болған), 27-педагог ассисент штаттары жұмыс істейді. 1573 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қамқоршылыққа алынып, олардың 1329-ы қорғаншылық және қамқоршылыққа, 80-і патронаттық тәрбиедегі отбасыларға орналастырылған, ал 159 бала балалар ауылында, сегізі әлеуметтік қорғау ұйымында тәрбиеленуде. Балалар ауылының түлектерін әлеуметтік қолдау үшін бір жасөспірімдер үйі 71 түлек бейімделуде. (23 жасқа дейін) және үш балалар ауылында «Қабылдаушы ата-аналардың мектебі» жұмыс жасайды.