Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» — деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Халқымыз ойындарды тек балаларды алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, олардың мінез-құлқының қалыптасу құралы деп ерекше бағалаған.
Қазақстан Республиасының Білім туралы Заңында: білім алушылар мен тәрбиелеушілер, педагог қызметкерлер мен ересектер арасында әр түрлі: спорттық жарыстар, ұлттық ойындар, семинарлар, конференциялар сондай-ақ, іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу көрсетілген. Демек, қазақтың ұлттық ойындары сауықтық жағынан ғана емес, ол-спорт, ол- өнер, ол- шаруашылық тәжірибелік маңызы бар тәрбие құралы.
Ұлттық ойындардың адамға тигізетін пайдасын халық ертеден-ақ білген. Ойындар атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып, халықтың дәстүрлі шаруашылық, мәдени, өнер тіршілігінің жиынтық бейнесі әрі көрінісі болған. Қазақтың ұлттық ойындары жүгіру, секіру элементтеріне бай. Ойындарды көп ойнап, жүгіріп, далада, таза ауада жүру – жас ағзаның дұрыс та сергек өсуінің көзі болған және де балалар ойын ойнаған кезде ерлікті, өжеттікті, батылдықты, шапшаңдықты сонымен қатар, мінез-құлық ерекшеліктерін, білек-күшін, дененің сомданып шынығуын қалыптастырады. Сондықтан ұлттық ойындарды оқу-тәрбие үдерісінде пайдалану қоғамымыздың ұлттық идеологиясын нығайтудағы өзекті мәселелердің бірі.
Бүгінгі жас ұрпаққа үлгілі, өнегелі тәрбие беру – қазіргі қоғамның басты міндеттердің бірі. Ойын арқылы бала қоршаған ортаны өз бетінше зерделейді, өзінің өмірден байқағандарын іске асырып, қоршаған адамдардың іс-әрекетіне еліктейді.Келес ауданында «Балдырған» балабақшасында аптаның әр сәрсенбісі — «Ұлттық күн» деп дәріптеліп сол күні қызметкерлер ұлттық киім үлгісінде киініп, барлық топтар бойынша ұлттық құндылықтар насихатталады. «Балдырған» бөбекжай-балабақшасында мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді ұлттық ойындармен таныстыру және ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында аптаның бір күнін қазақ халқының ұлттық ойындарына арнаған дейді білім бөлімінің әдіскері Ақмарал Апетова.
– Балабақшада баланың білім мен тәрбие алуына қажетті көрнекіліктер қоры мол, әсіресе ұлттық ойын түрлеріне арналған көрнекіліктерді шебер тәрбиешілер өз қолдарымен жасаған. Мектепалды дайындық тобы тәрбиеленушілері ел ішінде ұмыт бола бастаған «Бестемше» ойынын жақсы меңгерген және қызыға ойнайды. Сондай-ақ «Ханталапай», «Бес тас», «Асық ату», «Тоғызқұмалақ», сынды ойын түрлері күн тәртібінен түспейді,-дейді бөлім әдіскері.
Қазіргі таңда балалардың ұсақ моторикасы мен ойлау қабілеттерін дамытып жылдамдық пен епшілдікке баулитын қазақтың ұлттық ойындарын бала тәрбиесінде қолданудың маңызы өте зор және ол әрекет өз нәтижесін беріп келеді.