Түркістандық Гавхар Байметова — қазақ, өзбек, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейтін полиглот ұстаз. Бүгінде Гавхар Түркістан қаласындағы №9 Некрасов мектеп-гимназиясының білікті мұғалімі. Ол аталған мектепте 14 жылдан бері ағылшын тілінен сабақ беріп келеді.
Оның айтуынша, оқушылардың жан-жақты дамуы, заманауи және сапалы білім алуы үшін ағылшын тілін үйренуі маңызды. Оқу бағдарламасына жыл сайын өзгерістер енгізіліп жатқанын назарда ұстайтын ұстаз дәрісті жаңаша үйрету дағдысында озық үлгімен оқытып келеді.
— Тілсіз ұлт болмайды. Өз тілімізді сақтау, өз тіліңді құрметтеу отаншылдық рухты оятуға қызмет етеді әрі ата-баба алдындағы ұлы парызымыз. Тәуелсіз Қазақстанды дамыған өркениетті елдің қатарына енгізетін біздің болашағымыз — бүгінгі білім қуған жастар деп білемін. Өзінің тілін, тарихын жетік білген жастар қайда жүрсе де абырой биігінен көрінері сөзсіз. Қанша тіл білсек, сонша білімді игереміз. Сондықтан көп тіл білу де заман талабы, — дейді түркістандық ұстаз.
«Ұстаз болу – жүректің батырлығы, Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы. Ұстаз болу – мінездің күн шуағы, Ұстаз болу – адамның асылдығы. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық та – ұстаздық мамандық. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Ол – өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады. Ұстаздың осыншама қадір-қасиет, құрметке бөленуі өзін қоршаған орта мен әрбір шәкіртіне асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым-қатынас жасауында. Өйткені оның қарапайым да сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, білімі шәкіртке де, ата-анаға да, жұртшылыққа да өнеге. Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд: «Жай мұғалім хабарлайды, Жақсы мұғалім түсіндіреді, Керемет мұғалім көрсетеді, Ұлы мұғалім шабыттандырады» — дейді. Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені қазіргі жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті.