Бүгін аудан басшысы Арман Абдуллаев Қызылжар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуден кейін, Жаскешу елді мекеніндегі «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 900 орындық мектептің құрылыс жұмыстарына арнайы барып, жай-күйімен танысты.
Айта кетсек,аталған елді мекендегі қолданыстағы мектептің сыйымдылығы төмен болуына байланысты «Жайлы мектептің» құрылыс жұмыстарына «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы тарапынан қаржы бөлініп, бүгінде мердігер мекеме тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Құрылыс жұмыстарының барысын бақылаған аудан әкімі Арман Абдуллаев бүгінгі күнге дейін атқарылған құрылыс жұмыстарының жағдайын саралай отырып,жауапты мердігер мекеме өкіліне құрылысты жұмыстарының қарқынын күшейтуді тапсырды.
Түркістан облысы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына Түркістан облысынан 63 мектеп енгізіліп, бекітілді.
Бұл жөнінде облыс әкімінің міндетін атқарушы Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында айтылды. Өңір басшысының міндетін атқарушы аймақтағы мектеп тапшылығын жою, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешу бағытындағы жұмыстарды жүйелеуді әрі ширатуды тапсырды.
– Бюджетке енгізіліп, жобалық-сметалық құжаты әзірленген әрбір нысан уақтылы әрі сапалы салынуы тиіс. Жауапты басқарма басшыларына өңірдегі құрылысы жүріп жатқан әлеуметтік нысандарды зерделеп, қадағалауды тапсырамын. Әсіресе бүгін талқыланып отырған білім ұяларының құрылысын қатаң қадағалау керек. Бұл ретте аудан, қала әкімдері өз аймақтарыңыздағы нысандардың құрылысын тиісті басқармалармен бірге күнделікті бақылауда ұстаңыздар. Екіншіден, сәулетке жауапты басқарма өңірдегі мектеп ғимараттарын салуда бір үлгіні ұсынсын. Қыруар қаржыға салынған кейбір нысандардың сәулеті талапқа сай емес. Үшіншіден, тапсырысты алып, жұмысты бастамаған немесе сапасыз атқарған мердігерлер тізімі әзірленіп, жосықсыз мердігерлер қатарына енгізілуі тиіс. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша да жер телімдері мен құжаттарын жедел әзірлеу қажет. Жұмысты ширатыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды
Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы мен облыстық Құрылыс басқармасының басшысының мектептер құрылысы бойынша баяндамалары мен есептері тыңдалды
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында 63 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Оның ішінде: 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 16 мектеп, 900 орындық 17 мектеп, 1200 орындық 8 мектеп, 1500 орындық 5 мектеп, 2000 орындық 6 мектеп салынбақ. Қазіргі таңда 55 мектеп салынатын жер учаскесіне меншік құқығын беретін мемлекеттік актісі алынған, қалған жер телімдері бойынша жұмыс жүріп жатыр. 2024 жылы жалпы 29 мектептің, 2025 жылы 34 мектептің құрылысын аяқтау межеленген. Білім нысандарының құрылысы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ бірыңғай операторы арқылы жүзеге асырылады.