Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында: «Әрбір тілек білдірген балаға спорт секциясына немесе шығармашылық үйірмеге тегін қатысуға мүмкіндік беріледі» деген болатын.
Мемлекет басшысының балаларды қосымша біліммен қамту жөніндегі тапсырмасы Төлеби ауданында өз деңгейінде орындалуда. Бүгінгі таңда ауданда білім бөліміне қарасты бес қосымша білім беру мекемесі бар. Аудандық оқушылар үйінде түрлі бағыт бойынша жұмыс істеп тұрған 42 үйірмеге 1355 білім алушы қатысып жүр. Ал аудандық және Ленгір қалалық саз мектебінде 702 оқушыға білім берілуде.
Аудандық көркемсурет мектебінде 278 оқушы білім алуда. «FABLab» кабинетінің үйірме сабақтарына 30 бала қатысуда. Мектеп үйірмелеріне қатысушылардың саны 12 мың 101.
Аудандағы қосымша білім беру мекемелерінің мәселесі шешілуде. Оқушылар үйінің жаңа ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын. Аудандық музыка мектебінің қосымша ғимаратының құрылысы қолға алынған.
Түркістан облысында 53 қосымша білім беру ұйымы бар. Ол ұйымдарда қосымша оқумен қамтылған балалар саны 28500-ге, мектептегі үйірмелерге қамтылған балалар саны 250000-ға жетіп, жалпы оқушылар санының 54,6 пайызын құрайды. Бүгінде облыста 215710 бала спорт секцияларымен қамтылған. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл жарияланған «Балалар жылына» байланысты бұл бағыттағы жұмыстар күшейе түспек.
Өңірдегі қосымша білім беру ұйымдарының 13-і қалалық, 40-ы ауылдық жерде орналасқан. Оның ішінде 13 саз мектебі, 11 жас туристер станциясы, 5 шығармашылық орталығы, 7 оқушылар үйі, 2 көркем сурет, 13 өнер мектебі және 2 оқушылар сарайы бар. Балалардың бос уақыттарын тиімді өткізу мақсатында 2022 жылы білім саласына 5000 орынға, спорт саласында 13000 орынға және мәдениет саласына 3865 орынға мемлекеттік тапсырыс қаралды. Бұл үйірмелердегі бір балаға жұмсалатын орташа қаржы айына 9934 теңге, жалпы алғанда 1 жылға 357,624 мың теңгені құрайды. Мемлекеттік тапсырысты бөлудің нәтижесінде қосымша білім берумен қамтылатын балалардың үлесі 300241 немесе 65%-ға жетеді.
Соңғы жылдары Түркістан қаласында «Ақжайық» саз мектебі мен «Оқушылар сарайы» ғимараттары пайдалануға берілді. «Ақжайық» саз мектебінде тәрбиелік мазмұнда түрлі байқаулар, жарыстар, музыкалық қойылымдар, фестивальдер өткізілуде. Ал облыс орталығынан жаңадан ашылған «Оқушылар сарайында» 30-дан астам түрлі бағыттағы үйірме жұмыс істейді, 2 000-ға жуық оқушы қамтылған. Негізгі басымдық дрондар мен робототехникаға, балалар шығармашылығын дамыту жұмыстарына берілген.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, барлық аудан, қаладан қосымша білім беру ұйымдарының желісін арттыру, оның ішінде оқушылар үйлерін ашу жөнінде нақты тапсырма беріліп, 2020 жылдың қазан айында Қазығұрт ауданында (120 балаға арналған) және Келес ауданында (320 балаға арналған) оқушылар үйлері қолданысқа берілді. Түлкібас ауданында аудандық «Өнер» мектебінің филиалы ашылды. Сайрам (300 бала) және Сарыағаш (100 бала) аудандарында 2021 жылдың желтоқсан айында оқушылар үйлері ашылып, қолданысқа берілді.