Мақтаарал ауданында Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл және Мақтаарал ауданының 95 жылдығына орай, сонымен қатар «Түркістан мақамдары» терме жинақтарын дамыту мақсатында ақын, термеші Қайыпназар Әйтпеновтың туғанына 123 жыл толуына арналған облыстық “Терме – бойтұмарым” атты термешілер байқауы өтті.
Байқауға ҚР Мәдениет саласының үздігі, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров, дәстүрлі әнші, термеші Республикалық конкурстардың лауреаты Халықаралық жыршы, термешілер одағының мүшесі Аязбек Рустамов және ақын, сазгер Бауыржан Кеттебеков төрелік етті.
16 мен 35 жас аралығындағы талантты термешілер қатысқан облыстық байқаудың бірінші кезеңінде үміткерлер Қайыпназар Әйтпеновтың бір термесін орындаса, екінші кезеңде өз қалаулары бойынша еркін тақырыптағы бір терме орындады.
Байқау қорытындысы бойынша әділ қазылар алқасының шешімімен жүлделі I орынды Теріскейдің талантты қызы, ұстаз, әнші, термеші, Нәзір Төреқұлов атындағы ІТ-мектеп-лицейдің музыка пәнінің мұғалімі Шалабаева Гүлбану Қуандыққызы иеленді.
Айта кетейік, облыстық «Терме – бойтұмарым» байқауының мақсаты қазақ халқының ән-жыр өнерін бүгінгі жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау, дәстүрлі терме орындау өнерін дамыту және талантты жас термешілерді анықтау, олардың шығармашылығына қолдау көрсету болып табылады.
Еске салсақ, Түркістан облысы білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен «ІІІ ЫБЫРАЙ ЖАЗУЛАРЫ» тақырыбындағы дәстүрлі облыстық жазба жұмыстары байқауы өткен еді.
Байқау мақсаты: педагогтер арасында ең алғаш қазақ даласына мектеп ашқан, орыс жазу таңбалары негізінде қазақ әліпбиін құрастырушы – Ыбырай Алтынсариннің тарихи-әдеби еңбектерін насихаттау; педагогтардың шығармашылық қабілетін арттыру, қазақ даласында «Қара шаңырақ», «Алғашқы қарлығаш», «Дала қоңырауы», «Педагогиканың таза бұлағы» атанған ұлт ұстазының еңбектерін зерттеп, терең меңгеруге қызығушылығын ояту; қазіргі өмір ағымының, техниканың қарқынды дамыған тұсында, сауатты тұлғаны қалыптастырушы педагогтардың мемлекеттік тілде оқу, жазу сауаттылығын арттыру.
Байқауға білім беру ұйымдарының қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, өзбек, тәжік тілдері мен әдебиеті, ағылшын тілі және жалпы пәндер (тарих, география, химия, биология, математика, физика, көркем еңбек) мұғалімдері қатысты. Сондай-ақ, 5 секция бойынша жұмыс жүргізілді.