Қазірғі таңда оқушылардың ғылыми жаналық ашуға мүмкіндігі зор. Оларға түрлі тақырыптарда ғылыми жобалар жазуға мүмкіндік берілген. Сондықтан интеллектуалдық, шығармашылық қабілеттерін шыңдап, бақтарын сынай алады. Оған 1-7 сынып оқушыларына арналған «Зерде», 8-11 сынып оқушыларына арналған ғылыми жобалар байқауы және жалпы білім беру пәндері бойынша басқа да сайыстар дәлел бола алады.
Бәйдібек аудандық М.Әуезов атындағы ІТ-мектеп-лицейінде 2-7 сынып оқушылары арасында «Зерде» ғылыми жобалар байқауы өтті. Қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, математика – информатика, физика және техника, медицина мен психология, тарих – өлкетану, этномәдениеттану, химия-биология және экология тақырыптары қамтылған. Қызықты жобалар өте көп. Бірі — электр қуатын үнемдеу туралы жазса, енді бірі күміс бұйымдарының денсаулыққа пайдасын айтуда.Төрелік жасаған әділ – қазылардың ойы да қатысушылардың дәстүрлі додаға дайындықтары дұрыс дегенге саяды. Зерттеу жұмыстарының тақырыптары сан салалы. Бастысы – ізденіске деген ілтипаттары жоғары.
Мақсаты: балалардың зерттеу қызметінің дағдыларын арттыру, кіші және орта жастағы мектеп оқушыларының интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін ынталандыру, дарынды оқушылардың жұмысын дамыту.
Аталған ғылыми жоба байқауына өзіндік қабілеті ерекше, ізденімпаз оқушылар мен шығармашыл жетекшілер қатысты. Әр сыныптың деңгейіне сәйкес ғылыми тақырыптар төңірегінде жұмыстар қаралды. «Білімді болу – белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу» — деп, белгісіз нәрсенің құпиясын ашуға ұмтылған дарынды оқушылар жұмыстарын жан-жақты талдап, жаңалықтарымен бөлісті.
Әділқазылар алқасы оқушы жұмыстарына кері байланыс беріп, құнды зерттеу жұмыстарын ұсынған оқушыларды «Алғыс хаттармен» марапаттады.