Әр шаңырақта әкенің орны ерекше. Әке — отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез — құлқы, өзгелермен қарым — қатынасы, өнері мен білімі баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына, қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкенің атқарар еңбегі ерекше. Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағат көзі – әке.
Осы ретте А.Байтұрсынұлы мектеп базасында «Әкелер мектебінің ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі» аясында Сауран ауданына қарасты білім мекемелеріндегі әкелер кеңісінің төрағалары мен тәрбие саласына жауапты орынбасарларының қатысуымен кездесу өтті.
«Жас ұрпақ тәрбиесіндегі-бет-бұрыс» тақырыбында өткен кездесуге Түркістан облысы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Раманқұлов Бақытжан Сұлтанұлы, «Ардагерлер тынысы» журналының бас редакторы Қалмаханов Ғани, «Ардагерлер тынысы» журналының жоба үйлестірушісі Нарымбетова Бейсенкүл Жақсыбекқызы, Сауран аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахметов Сейлхан Ыбыханұлы қатысты.
Отбасының пейіл — береке, ынтымағы үшін отағасының әділ, ұстамды болуы орасан маңызға ие. Оның тәрбиелік рөлі де зор. Ер бала әкесімен сырлас, жолдас, дос. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен сырласады. Әкенің бұл рөлі бала — шағаның әкеге, анаға деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен, ана жанын қас-қабағынан жанарынан танығыштықпен нығая биіктей береді.
Түркістан облысы әкімдігінің тапсырмасымен барлық аудан, қалалардағы орта мектептерде «Әкелер мектебі» құрылды. Оның құрамына кірген ақсақалдар мен түрлі ұйым мүшелері жасөспірімдер тәрбиесін түзеу мен салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарды дәріптеумен айналысып, отбасылық тәрбиені насихаттап, мектептердегі бала тәрбиесіне атсалысуда.