Басқарма басшысы Ғалымжан Сұлтанбекұлы Төлеби ауданына іссапары аясында аудандағы Тағайна жалпы білім беретін мектебіне барып, осы білім ошағының жағдайымен, материалдық-техникалық базасымен танысты.
Тағайна мектебінде бүгінгі таңда 346 оқушыға 45 мұғалім екі ауысымда білім беруде. Қолданыстағы ескі ғимарат қатты отынмен жылытылып отыр. Дегенмен оқушылар үлгерімі жақсы. Өткен оқу жылында екі жас түлек мектепті Алтын белгімен бітірді. Жалпы, Тағайна мектебінің оқушылары ауданда тек жақсы қырынан көрініп жүр. Осы жөнінде әңгімелеп берген мектеп директоры Жамол Кадиров әр жылдары пайдалануға берілген білім мекемесі ғимаратында оқушылар қауіпсіздігі ойластырылып, бейнебақылау камераларының орнатылғанын, мектептің аумағы қоршалғанын, дабыл батырмасының, ішкі әжетхананың бар екенін айтты.
Тағайна мектебінің жағдайы, материалдық-техникалық базасы туралы мағлұматқа қанық болған басқарма басшысы тиісті азаматтарға қолға алынған жаңа оқу ғимаратының құрылысын тездетуге ықпал етуді, сондай-ақ, мектептің қолданысындағы ескі ғимаратта дизельмен жылытылатын жылыту жүйесін жасауды тапсырды.
Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесін шешу бағытында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба шеңберінде заманауи мектеп ғимаратының құрылысы жүргізіліп, ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайту көзделген.
Аталған жоба аясында Төлеби ауданында жаңадан 4 мектептің құрылысы жоспарлануда. Атап айтқанда, Достықта – 900 орындық, Көксәйекте – 600 орындық, Қосағашта – 300 орындық, Бірінші Мамырда – 900 орындық жаңа мектептердің жобалары ұсынылды. Келесі жылы үш мектеп пайдалануға берілсе, ал 2025 жылы бір мектептің құрылысын аяқтау межеленген.
Аудан басшысы Төлеген Телғараев Киелітас ауылдық округі Достық елді мекенінде құрылысы басталған нысанның жұмысымен танысып, мердігер өкілдеріне сапалы және уақытылы орындалуын міндеттеді. 900 орындықты білім ордасының құрылысын мердігер «Умирзак» ЖШС жүргізіп жатыр. Тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ.
3.0 га аумақты құрайтын мектептің құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде.
Қазіргі таңда мектептің құрылысы қарқынды жүруде. Мұнда қажетті оқу жабдықтарымен, түрлі пәндік кабинеттермен, бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелерімен, балаларға арналған жеке шкафтармен және т.б. толық жабдықталатын болады. Аудандағы «Жайлы мектеп» жобасы толығымен жүзеге асқан жағдайда жаңа форматтағы мектептегі оқушылардың білім алуына толық мүмкіндік жасалып, білім сапасы артады деп жоспарлануда.