Келес ауданында өткен «Махамбет оқулары» байқауында 30-ға жуық оқушы ақын шығармаларының желісімен иллюстрациялық суреттер салды. Сонымен қатар батыр жырларын жатқа оқып, ақындық қабілеттерін шыңдап, күмбірлете күй шертті.
— Конкурс жоғары сынып оқушылары арасында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Аудандық байқау жеңімпаздары облыстық кезеңге жолдама жеңіп алды. Махамбет мұрасы – егемен еліміздің өшпес рухы сияқты жастарға қашан да шамшырақ болары сөзсіз. Сондықтан мүндай байқаулардың маңызы зор деп ойлаймыз. Жыл сайын қатысушылар саны да артып келе жатқаны қуантады,-дейді байқау ұйымдастырушысы білім бөлімінің әдіскері Ляззат Пернеғалиқызы.
Аталған байқауға биыл ауданымыздың 50-ге жуық мектептерінен дарынды оқушылар қатысты.
Айта кетсек, осыған дейін Шардара аудандық білім бөліміне қарасты Б.Соқпақбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп базасында республикалық «Махамбет оқулары» конкурсының аудандық кезеңі өткізілді. Бұл конкурсқа білім беру ұйымдарының 8-11 сынып оқушылары арасындағы аудан мектептерінен 62 оқушы қатысты.
Мектеп оқушылары арасында Махамбеттің ұлтына ұран болған рухы биік туындыларын насихаттау, шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын дамыту, тарихи деректер бойынша тұжырым жасай білу дағдысына үйрету мақсатында өткізілген байқау 5 бағыт бойынша жүзеге асырылды.
Байқау мақсаты – оқу мәдениетін насихаттау, мектеп оқушылары арасында Махамбеттің ұлтына ұран болған рухы биік туындыларын насихаттау, тарихи деректер бойынша тұжырым жасай білу дағдысына үйрету, түсініктерді деректермен, дәйексөзбен дәлелдеуге жаттықтыру, бабалардың ерлік рухын сезіндіру арқылы азаматтық тәрбие беру болып табылады. Бес бағыт бойынша өткен байқауда оқушылар Махамбет шығармаларынан иллюстрациялық суреттер салу, Махамбет шығармаларын жатқа оқу, Махамбет күйлерін орындаушылар конкурсы, Жас ақындардың өз туындыларын мәнерлеп оқу конкурсы, «Хандар мен ел билеушілер», «Батырлар» тақырыбының бірін қорғау бойынша сайысқа түсті. Байқауға қатысқан оқушылар әсіресе Махамбет, Жәңгір хан, Ер Едіге, Қасымхан сынды кейіпкерді таңдай отырып, жинақтаған деректерді жүйелі жан-жақты талдай отырып, тарихи-әдеби, рухани мәнін шығармашылығынан үзінді келтіре отырып, аша білді. Көтерілген мәселенің өзектілігін ұлттық мүдде тұрғысынан талдап, ұлттық құндылықтардың маңыздылығын арнайы дайындаған слайд арқылы көрсете білді. Сонымен қатар, қуантарлық жайт -ауданымызда жас ақындарымыз көптеп шығуда. Жас ақындарымыз ұсынылған тақырыпқа өз шығармаларын ұсыну кезінде өлеңнің ұйқасына, идеясына аса мән берді.