№23 жалпы орта мектепте «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының ұйымдастыруымен «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасын оқу-тәрбие үдерісінде интеграциялау пилоттық жобасын іске асыру аясында республикалық аймақтық семинар өтті.«Ұлттық рухани мәдениет мәйегі арқылы жалпыадамзаттық құндылықтарды тану» тақырыбында өткен семинарға Жамбыл, Қызылорда облыстарынан, Шымкент, Түркістан қалаларынан 300-ден аса ұстаздар қатысты. Шара мақсаты – үздіксіз білім беру жүйесінде мұғалімнің рухани-адамгершілік мәдениетін дамыту, жан-жақты, рухани дамыған, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруда білімін арттыру болып табылады. Семинарға «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы Адамның үйлесімді дамуы институты директорының орынбасары Луиза Жұбатова модераторлық жасады.
Жиында «Бөбек» ҰҒПББСО «Өзін-өзі тану.kz» журналының редакторы Е.Бақаш «Ұлттық рухани мәдениеттің құндылық әлеуеті», «Бөбек» ҰҒПББСО АҮДИ директорының орынбасары Л.Жұбатова «Ұлттық рухани мұра «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының негізін құраушы қағида ретінде», «Бөбек» ҰҒПББСО жетекші ғылыми қызметкері Р.Ізғұттанова «Жалпыадамзаттық құндылықтар адамның рухани табиғатының жоғары көрінісі ретінде», М.Әуезов атындағы ОҚМУ аға оқытушысы, «Бөбек» ҰҒПББСО сарапшысы А.Оралбекова «Жалпыадамзаттық құндылықтар негізіндегі тәрбиелеу мен оқыту жүйесінің қызметі», «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша ПҚБАИ аға оқытушысы Г.Тұранова «Үздіксіз білім беру жүйесінде мұғалімнің рухани-адамгершілік мәдениетін дамыту», Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасының өзін-өзі тану әдіскері Б.Қаймолдаева «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білдім беру бағдарламасын оқу-тәрбие үдерісіне интеграциялау жобасының іске асырылу барысы тақырыбында баяндама жасады. Жалпыадамзаттық құндылықтарды кеңінен насихаттаған семинар жоғары деңгейде өтті.
«Әлемде мамандық көп. Бірақ бұл мамандыққа талап әрқашан жоғары. Расында қоғамның дамуы мен болашағы ұстаздарға байланысты. Барлық мамандық иесі ұстаздың алдынан өтеді. Ұстаз болу – педагогикалық білімі туралы дипломның болуы ғана емес. Педагогикалық жоғары оқу орнын бітіргеннің бәрі мектепте жұмыс істеуге қала бермейді. Қазір мектеп мұғалімдерінен көп нәрсе талап етіледі: теорияны жеткізіп қана қоймай, оны практикада қызықты түрде көрсете білу, технологиямен сауатты жұмыс істеу, қағаз есептерін жүргізу, оқушылармен және олардың ата-анасымен байланыс орнату, бәрі-бәрі мұғалімнің міндетіне кіреді. Бәрі бірдей оқушылармен, олардың ата-анасымен тіл табысып, қазіргі қоғамның ұстазға қойған талаптарына жауап бере алмайды. Заман дамыған сайын мұғалімге де қойылар талап күшейіп келеді. Қоғам өзгереді, талаптар өзгереді, сәйкесінше мұғалім де өзгереді. Күн сайын жаңарып жатқан әлемде мұғалім де үздіксіз дамып, жаңарып отыруы керек. Осы тұста біз заманауи ұстаз кім деген сауалға жауап іздеп көруді жөн санадық. Д.Хиббен білім дегеніміз – кез келген жағдайда дұрыс әрекет ете білу дейді. Әлем орасан зор жылдамдықпен өзгеруде, сәйкесінше оқыту тәсілдері де өзгеруі керек. Біз аса қатты жылдамдықпен тез өзгеріп жатқан әлемде өмір сүріп жатырмыз. Цифрлық технологиялар дәуірінде ақпарат көлемі де артып келеді. Дәстүрлі оқыту форматы бірте-бірте ескіріп, жаңаша оқыту форматы жүзеге асырылып жатыр. Мектепке шығармашыл, жаңа оқу бағдарламаларын жасап, енгізуге мүдделі, инновациялық педагогикалық технологияларды қолдана алатын мұғалім қажет. Заманауи ұстаздың бойында мына негізгі 4 қасиет болуы керек. Әрқайсысын жеке-жеке талдайық.Ұйымдастыру қабілеті: Ұстаздық – қай уақытта да сұранысқа ие мамандық. Ал замануи ұстаз ақпаратты қабылдауға, өңдеуге және өз бетінше қолдануға үйретеді. Ол өз пәнін біліп қана қоймай, ақпаратты түсінікті тілде түсіндіре алады, сабақтың тақырыбын педагогикалық тапсырмаға айналдырады, кері байланыс береді. Сабақ уақыты шектеулі болғандықтан бір сабақтың әр кезеңіне, сабаққа дайындалуға және тапсырмаларды тексеруге қанша минут кететінін бағамдайды. Бұл мәселеде әрбір мұғалім уақытты басқару негіздерін, жұмысты жеңілдететін және жеке тиімділікті бақылайтын құралдар мен қолданбаларды білмей жұмыс істей алмайды.Эмпатия және этика: Жақсы мұғалім оқушымен терең қарым-қатынас құрады, қажет кезде қолдау білдіреді. Достық әрі тығыз қарым-қатынас орнату, тиімді диалог жүргізу – оның басты ерекшелігі. Кез келген қарым-қатынаста мұғалім оқушылармен, әріптестермен және ата-аналармен ортақ тіл таба алады. Сонымен қатар, жақсы мұғалім кәсіби этика нормаларын сақтайды, конфликтсіз қарым-қатынас құруды біледі. Сенімділік және өзін-өзі басқару: Өзіне сенімді адам қай кезде де сенімді сөйлейді, сенімді әрекет етеді, айналасындағыларды да сөзіне сендіре алады. Ал мұғалімнің сенімділігі оқушыға да айтарлықтай әсер етеді. Заманауи мұғалім кез келген жағдайда өз жұмысын объективті түрде көрсете алады, жеке тәжірибесі туралы айта алады, артық мақтау мен сыннан аулақ болады. Жаңашылдық пен трендке ілесу: Үздіксіз білім алуға және дамуға ұмтылу және өзгермелі жағдайларға бейімделу кәсіби мұғалімнің бойында болуы керек қасиеттердің бірі. Ол әрдайым оны жұмыс барысында көрсетеді. Сондай-ақ, лекциялар мен вебинарлар жүргізеді, мақалалар жазады, конференцияларға қатысады және өзінің кәсіби ортасындағы тенденцияларды қадағалайды. Жаңа дағдыларды меңгерген мұғалім оқыту барысында стандартты емес, шығармашылық тәсілдерді қолдана алады. Сол арқылы оқушылардың шығармашылық, критикалық ойлау қабілетін дамытуға ықпал етеді. Педагог – барлық білім беру жүйесінің негізі, жаны және жүрегі. Педагогтың негізгі басты мақсаты — рухани бай, іздемпаз, адамгершілігі мол адамды қалыптастыру болып табылады. Қазіргі заманғы педагогтар информатор, бақылаушы, тексеруші,жазалаушы қызметін тастап, керісінше ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш,шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болу керек. Баланы субъект ретінде қарастырып,оның өзін-өзі тануына жол ашу, жеке тұлға бойындағы қасиетті дамыту, «Мен» менталитетін қалыптастыру, білім мен тəрбиені жеке тұлғаға қарай бағыттау-бүгінгі таңдағы мұғалімінің кезек күттірмейтін қасиетті міндеті. Өз елінің тілі мен әдебиетін, тарихы мен мәдениетін бойларына сіңіргенде ғана нағыз азамат тұлғасы қалыптаспақ. Ендеше жоғарыдағылардың бірі кенішін созып жатса, санамызда саңылау, жүрісімізде сылтау пайда болары сөзсіз. Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы» дегендей, мектептегі барлық пәндердің бір үндестігі, ынтымақтастығы тәрбиеге келіп тіреледі деп ойлаймын. Сондықтан тәрбиеші тәлімгер ретінде оқушыларымыздың жан-жақты білім алуы мен мәдени дамуына, балауса өнерлерін шыңдауға көп көңіл бөлемін. Бала жанын, ойын, өнерге деген құштарлығын байқап, баланың бал қылығын музыкамен, сахналық өнермен, спортпен байланыстырса, тұлға үлкен жетістіктерге жетпек. Тұрмысы төмен, толық емес отбасында дүниеге келген, мінез, тәртіптегі кемшіліктері бар, қиын оқушыларды түзу жолға салып, олардың жүректерін ізгілікке баулуда, эстетикалық сезімін оятып, парсаттылық қасиеттерін қалыптастыруда өнер арқылы тәрбиелеудің жемісін көріп келемін. Сабаққа кешігетін, оқуға қызығушылығы төмен оқушыларды өнер үйірмелеріне тарту арқылы жауапкершілікті сезінуге, сенімді ақтауға ұмтылу сияқты қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етемін. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей әр баланың бойында қандай өнерге икемі барын анықтап, әншілік, бишілік, актерлік өнерге және спорт түрлеріне лайықтап баулудамын. Педагогтың өзі жеке тұлғаға көтерілмей, мұндай зор мақсатқа жетуі мүмкін емес Елбасымыз Н. Назарбаев: «Ұстаздықтың алдына қойған міндет өте ауқымды: білім жүйесін іштей қайта құру жəне сол арқылы бүкіл қоғамдағы ағарту жүйесінің барлық аймағын өзгерту. Ол үшін ішкі қайта құру қажет: құрылымдық, қызметтік, құндылық», – деді «Бөбек» ҰҒПББСО АҮДИ директорының орынбасары Л.Жұбатова.