Түркістан облысындағы аудандық кітапханада 400 мыңға жуық кітап бар, көбіне қазақ тілді туындыларға сұраныс жоғары. Түркістан облысы, Созақ ауданының орталығында орналасқан кітапхана кітап қорынан бөлек, оқырман жасымен де ерекшеленеді. Мұндағы ең кішкентай оқырман 2 жаста болса, ең үлкені — 78 жаста.
Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда орналасқан аудандық кітапхананың 75 жылдық тарихы бар. Қиын-қыстау заманды бастан кешкен кітапхана бүгінде облыс бойынша кітап қоры бай орындардың бірі. Мұнда көп кездесе бермейтін құнды кітаптар бар. Тіпті республикалық, жергілікті басылымдардың 33 жылдық мұрағаты сақталған. Барлығын қосқанда кітапханадағы кітап қоры қазіргі таңда 400 мыңға жуық данаға жетіп отыр. Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі әрі ақын Гүлнәр Өмірбектің мұнда еңбек етіп келе жатқанына 38 жылдан асқан. Жұмыс орны екінші үйіндей болып кеткен қызметкер Кеңес үкіметі кезінен қалған көптеген кітап егемен елдің идеологиясына сай келмегендіктен жойылғанын атап өтті. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде кітап саны күрт артқан. Сәйкесінше оқырман талғамы да өзгерген. Бұрындары детектив, фантастика жанрындағы кітаптарға сұраныс көп болса, қазір қазақ көркем әдебиетіне сұраныс жоғары. Білім саласына қатысты қазақ тілді кітаптар қатары жыл санап арту үстінде. Оған жергілікті бюджет есебінен тұрақты түрде қаржы бөлініп тұрады. Тек соңғы шығып жатқан жас ақындардың туындыларын табу қиындық туғызып келеді екен. Оның өз себебі де бар. Көбіне жас ақындар өз қаржысына жинақтарын шығарып, саны шектеулі болған соң кітапханаға жетпей қалады. Осы ретте кітапханашы жас ақын-жазушыларға өз туындыларын кітапханаға өткізсе, оны оқитын оқырман саны да артады дегенді алға тартты.
«Бізде кітап қорын толықтыру жағынан проблема жоқ» деп сөзін бастаған Гүлнәр Өмірбек кітапханадағы оқырмандар қауымына кеңінен тоқталып өтті.
«Бізге көбіне жастар келеді. Олар поэзияға құмар. Соңғы кезде «жастар кітап оқымайды» деген пікір қалыптасқан ғой. Мен онымен келіспеймін. Ол теріс пікір. Қайта керісінше, дәл қазіргі таңда жастар арасында кітап оқу сәнге айналып келеді. Тіпті әлеуметтік желілерде оқыған кітаптары туралы жазып, ойларын бөлісіп жатқан жастарды көріп кәдімгідей қуанасың. Одан өзге бізге зейнет жасындағы адамдар да көп келеді. Олар көбіне өлке тарихына қызығады. Ал орта жастағы ересек жандардың келуі сирек. Оларды да түсінуге болады, жұмысы бар…», — деді кітапхана қызметкері.
Рухани азық мекенінің жұмысымен таныстырған қызметкер жүрген жерінде мұғалімдерге өз кеңесін де айтып жүретінін жеткізді. Себебі көп жағдайда мектеп оқушылары мұғалімнің берген тапсырмасын интернеттен көшіріп апарып береді. «Оқушы тапсырманы қолмен жазса, ол баланың есінде сақталады» дегенді алға тартқан кітапханашы мүмкіндігінше оқушылардың тілдік қоры артып, рухани азыққа қанықса деген тілегі барын жасырмады.
Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Өмірбек — Sputnik ҚазақстанАудандық кітапханада осындағы қызметкерлер секілді таңнан кешке дейін жүретін оқырмандар да бар көрінеді. Олар тек кітап оқып қана қоймай, түрлі іс-шараларға атсалысады. Солардың бірі – Жалал Мұратов. 16 жастағы тәжік ұлтының азаматы кітапханаға жиі келуін қазақ әдебиетіне деген қызығушылығымен байланыстырды. Сондықтан да рухани азық орны өзін «магнит» секілді тартып тұрады екен.