Әуе қорғанысы әскерлерінің 10216 әскери бөлімінде «Авиценна» жоғары медициналық колледжінің бірінші және екінші курс студенттерімен ашық есік күні өтті.
Экскурсия барысында студенттер көптеген жаңа және танымды жаңалықтар ашты. Бөлім басшылығы студенттерге әскери қызметшілердің күнделікті өмірінің элементтерін көрсетті. Экскурсия Әуе қорғанысы әскерлеріндегі әскери қызметтің барлық аспектілерін қамтыды.
Экскурсия барысында студенттерге бақылау-өткізу пункті, шеру алаңының жабдықтары көрсетілді, әскери қызметшілердің қалай қызмет атқаруымен танысты. Оларға бақылау-өткізу пунктіне жасалған шабуылға тойтарыс беру кезінде кезекші бөлімшенің іс-қимылдары көрсетілді.
Студенттер казармалық үй-жайларды, сабақтарға арналған сыныптарды көрді, қару-жарақпен танысып, оларды пайдалану ережелерін білді, әскери киім үлгілерін көрді. Мұның бәрі студенттерге Отан қорғаушылардың күнделікті өмірі туралы көбірек білуге мүмкіндік берді.
Студенттердің айтуынша, олар үшін үлкен әсер қару-жарақты қолында ұстап, бөлшектеу мен жинаудан машықтану мүмкіндігі қалдырды.
— Бізді бақылау-өткізу пунктінде өте жақсы қарсы алды. Біз өзімізді әскери бөлімнің сыйлы қонақтары ретінде сезіндік. Кірген кезде бізден ұялы телефондарды өшіріп-өткізуді сұрады, өйткені режимдік объектіде ұялы байланысты пайдалануға, фотосуреттер мен бейне түсіруге болмайды. Бөлім аумағы бойынша экскурсия жүргізілді. Офицерлер мен сержанттар қаруды бөлшектеу және құрастыру бойынша шеберлік сабағын өткізді, — деді «Авиценна» жоғары медициналық колледжінің студенті Айгүл Жұманова.
Әскери бөлімге бару солдаттардың асханасындағы түскі аспен аяқталды. Түскі ас алдында қонақтарға қандай тағамдар дайындалатынын және әскери қызметшілерге арналған мәзір қалай жасалатынын көрсетті.
Заманауи сарбаздардың өмірі жайлылығымен таң қалдырды. Отан қорғаушы мамандығы туралы жарқын әсерлер көбінесе адамның өмір бойы жадында қалады және өз елінің патриоты мен адал азаматы болуға көмектесетін қасиеттерді қалыптастырады.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі