Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовті сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрескені үшін мақтады, деп хабарлайды Oinet.kz.
Агенттіктің хабарлауынша, білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықпен күрес және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту тұрғысынан түбегейлі өзгерістер жүргізілген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Білім және ғылым министрлігімен бірлескен кеңес барысында айтты. — Екінші жыл қатарынан біздің бірлескен жобаларымыз жүзеге асырылып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте БҒМ өз бастамаларын ұсынып, белсенділік танытып келеді. Соңғы уақытта білім саласында ашықтық, айқындық және объективтіліктің арқасында оң өзгерістер байқалады. Бұл Тұңғыш Президент – Елбасы мен Мемлекет басшысының саясаты, ал қойылған міндетті министр орындап жатыр. Жалпы сыбайлас жемқорлық тәуекелдердін жою барысында жоғары оқу орындары қауымдастығы, сарапшылар мен тұтастай алғанда ведомство қызығушылық танытып отырғанын көріп отырмыз. Білім және ғылым министріне белсенді ұстанымы үшін алғыс білдіремін, — деді Шпекбаев. Кеңес барысында бірлескен жобалардың нәтижелері атап өтілді. Мәселен, агенттік пен ұлттық тестілеу орталығы Қазақстанның барлық аймақтарында өткізген магистратураға арналған емтихандардың мониторингі кезінде бірқатар шаралар тиімділігін көрсеткен. Емтиханға 500-ден астам бақылаушы қатысып, нәтижесінде дайындық деңгейі төмен үміткерлер алынып тасталды және мемлекет 2,7 миллиард теңге үнемдеді. «Халықаралық бағдарламалар орталығы»АҚ-дағы («Болашақ») сыртқы талдау оның жұмысын түбегейлі өзгертудің бастауына негіз болды. Бизнес-процестерді оңтайландыру нәтижесінде бюджеттің жылдық үнемделуі 1,3 млрд теңгені құрамақ. — Біз ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің арнайы мониторингтік тобының мүшелері ретінде аймақтарды аралап, білім саласындағы жағдай жақсарып келе жатқанын байқадық. Ауқымды жұмыстар атқарылып, барлық процесс автоматтандырылған. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетеді. Министрлік арнайы мониторингтік топтың мүшелерімен тұрақты жұмыс жасап, жемқорлық тәуекелдерін төмендету үшін әдістерін ұсынып келеді. Көптеген өңірде жұмысқа қабылдау процесі электрондық форматқа ауысып жатыр, — деді агенттік жанындағы арнайы мониторинг тобының жетекшісі Айгүл Соловьева. Бұлтты технологияларға көшу, мұғалімдерді электронды форматта сертификаттау сыбайлас жемқорлықтың айтарлықтай төмендеуіне ықпал етеді. Құжаттарды қабылдау, колледждер мен университеттерде емтихандар қабылдау да автоматтандырылған, бұл сыбайлас жемқорлық факторларын жояды. «Ақша студенпен бірге жүреді» жүйесі университеттер / колледждер арасындағы бәсекелестікті күшейтеді, бұл білім беру қызметтерінің сапасының өсуіне ықпал етеді. 2021 жылы ваучерлік жүйе мектепке дейінгі білім беру саласына да енгізілмек. Демек, бұдан былай жолдаманы алған ата-ана баласын қай балабақшаға беруді өзі шешеді деген сөз. Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Adal Bilim» сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жобалық кеңсесінің басшысы Талғат Нәрікбаев заңнамаларға өзгертулер енгізіп, өңірлердегі білім сапасы үшін әкімдіктердің жауапкершілігін күшейтуді ұсынды. — Үкімет алдында білім саласына тек БҒМ жауап беретініне назар аударғым келеді. Бұл ретте барлық ұйымдастырушылық және материалдық ресурс әкімдіктердің қолында екенін атап өткен жөн. Осыған орай, біз жергілікті атқарушы органдардың білім беру саласындағы жауапкершілігін заңнамалық деңгейде арттыруды ұсынамыз, — деді Нәрікбаев. Кездесуге қатысушылар Білім және ғылым министрлігіне мектеп оқушылары мен студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша білім беру пәндерін енгізуді және барлық студенттерге қашықтан электронды форматта қызмет алу мүмкіндігін беретін колледждер мен жоғары оқу орындарындағы қызмет көрсетудің цифрлық түрлеріне көшу бойынша жұмысты күшейтуді ұсынды. — Проблемалық мәселелер жоқ емес. Айтылған барлық ұсынысты егжей-тегжейлі талдап, жұмыс жүргізетін боламыз. Тәуекелдерді болдырмау үшін бізге ашықтықты толық қамтамасыз ету маңызды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты жалғастырамыз, — деді Аймағамбетов.