Даяшының қызмет көрсеткені үшін белгілі бір пайыз төлеуге міндеттіміз бе? Егер дәмхана алдын ала ескертпейтін болса, есеп айырысар кезде білсеңіз, ал сіз келіспесеңіз не істеу керек? ҚР тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы Заңына сәйкес нендей әрекет жасау керек? Қайда шағымдана аламыз? Бұл сұрақтарға тиісті департамент мамандары жауап берді.
Құқығыңыз бұзылған жағдайда тұтынушының арыз-шағымын қабылдайтын e-tutynushy бірыңғай платформасы жұмыс істейді. Ол үшін Сіз шағымданатын кәсіпкер де осы платформаға тіркелген болуы керек. Сауда орталығы, дәмханалар осы қосымшаны қолдану арқылы тұтынушымен тікелей жұмыс істей алады. Платформа кәсіпкер мен тұтынушы арасындағы айнымас көпір. Ал қоғамдық орындарда тұтынушы ретінде қысымға ұшырап, құқығыңыз тапталып жатса, дер кезінде полиция шақыру керек. Сатушы немесе кәсіпкерді тәртіпке шақыруға болады.
«Қазір бізге көптеген шағым келіп жатыр. Олардың дені – демалыс орындарына өз тамақ/сусынымызбен кіре алмаймыз десе, ендібірі сатып алған тауардың сапасына сын тағады. Мұның бәрі бізде заңмен реттелген. Халыққа түсіндіру жұмыстарын барынша жүргізіп, әрекет жасап жатырмыз. Қоғамдық тамақтану орындарына шағымданатындар да бар. Біз кәсіпкерлерді шақырып, түсіндіріп те жүрміз. Сізден ешбір кафе, мейрамхананың депозит немесе қызмет көрсету ақысын талап етуге құқығы жоқ. Бәрі алдын ала ескертіліп, бейбіт түрді болуы керек. Халық та сауатты болып, өз құқығын талап ете алса, жақсы», — дейді Шымкент қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Оспан Әбиев.
Гипермаркеттерде байқамай ыдыс сындырып алдыңыз. Не істеу керек? Мұндай кезде тұтынушыға толық қаптамасымен сатып жіберген жағдайлары болған. Нағыз заңсыздық. Мұндай ситуацияға тап болсаңыз, ешкімге ештеңе төлемейсіз. Полиция шақырасыз. Сізді еркіңізден тыс ешкім ұстап отыруға немесе қаржы төлетуге құқығы жоқ. Ал сотқа беріп жатса, Сіздің затты әдейі сындырғаныңыз дәлелденсе ғана айыппұл салынуы мүмкін. Ал сауда орнындағы зат сол нысанның мүлкі саналады. Қазір департамент осындай түрлі арыздармен жұмыс істеп жатыр. Демократия қарапайым адамдардың бір-бірін түсінісуімен өлшенеді. Платформа кәсіпкер мен тұтынушы арасында араздық тудыру үшін емес, керісінше байланыстыру үшін жасалған. Департамент мамандарының сөзінше, қазір көп дау сотқа жетпей, департаментке өтпей өзара ынтымақта шешіліп жатыр екен.