Шардара балығын күніне 2-3 келі балық жейтін суқұзғын (баклан) құсы жеп жатыр. Осылай деген Шардара ауданының тұрғыны Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен кездесуінде әкімнен осы мәселеге назар аударуын сұрады. Облыс әкімі жауаптыларға тапсырма берді. Бұл жағдайға байланысты өңірлік балық инспекциясымен бірге зерттеу жүргізіп, ұсыныс беруді жүктеді.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданының тұрғындарымен кездесті. Жаңа форматта өтіп жатқан есептік кездесудің басым бөлігі тұрғындардың көкейкесті сұрақтарына жауап беруге арналды. Осыған дейінгі кездесуде берген уәделердің қаншалықты орындалғанын халық алдында баяндады. Мәселені қалай шешу керектігін, жолдары мен жүйесін жақсылап түсіндірді. Одан кейін тұрғындардың жекелеген сұрақтарына жауап берді.
Екі сағаттық ашық диалогтың тікелей эфирі Facebook әлеуметтік желісінде өтті, онда желі пайдаланушылары өздерін қызықтыратын сауалдарын қойды. Айта кетсек, Түркістан облысы әкімінің екінші жартыжылдыққа белгіленген халықпен кездесуі кестеге сәйкес бүгін Шардара ауданында қорытындыланды.
Халықпен кездесуден соң Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды балық шаруашылығын дамытып жатқан кәсіпорындарда болды. «VITA» ЖШС-нің торлы шарбақта балық өсіру шаруашылығы жылына 300 тонна сазан, дөңмаңдай, ақ амур, бекіре балықтары өсіріледі. Жыл сайын 30 млн. тұқы дернәсілдерін дайындайды.
Шардара ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамуда. Айта кетейік, 2023-2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 млрд. 700 млн. теңгеге балық азықтарын шығаратын 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізілуде. Түркістан облысында 2021-2030 жылдарға арналған «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген. Бағдарламаға сәйкес, тауарлы балық өсіру көлемін 10 мың тоннаға жеткізу жоспарланған.
Осы ретте облыс әкімінің тапсырмасын іске асыру мақсатында облыстың аудан, қала аумағынан балық шаруашылығын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған жоспары бекітіліп, балық өсіру шаруашылығы санын 126-дан 217-ге дейін жеткізу көзделіп отыр.
Мемлекет тарапынан акваөсіруді субсидиялау балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізуде. Облыста жасанды жолмен балық өсіру саласының потенциалы өте жоғары. Түркістан облысы бойынша тауарлы балық өсірумен 154 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі.
Бағдарламада бекітілген тауарлы балық өндіру көлеміне қол жеткізу мақсатында 2023-2025 жылдары аудан, қала әкімдіктері кесіндісінде жаңадан 91 балық шаруашылығын ашу жоспарланған. Ал акваөсіру бойынша биыл жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 31 шаруашылыққа субсидия берілді. Меже толығымен игерілді. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Оның 88 табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша балық шаруашылығына 2.5 пайыздан несие беріліп жатыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі