Түркістан облысында сексеуіл орманының алқабы ұлғайып келеді. Былтыр Отырар орманшылары 5700 гектар жерге сексеуіл дәнін сеуіп, биыл жасыл желекке айналдырып отыр. Нәтижесінде, шөлді аймақта құм көшкіні басылған. Табиғат қорғаушылары сексеуіл алқабын сақтап, мүмкіндігінше кеңейтуге кіріскен. Сондай-ақ 2022-2023 жылдар аралығында өздері өсірген жергілікті тұқымбақтан жасыл желекке 4643600 дана сексеуіл көшеті егілген. Бүгін бір топ журналист облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырған баспасөз турында осы және өзге де жұмыстармен танысып қайтты.
Шара барысында орман шаруашылығына байланысты атқарылған жұмыстар баяндалып, алдағы жоспарлар айтылды. «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің» қызметі таныстырылып, ағаш өсірумен айналысатын тұқымбақтар мен сексеуіл алқабы көрсетілді. Одан бөлек, облыстық басқарманың орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Хамит Жорабаев сексеуіл сүрегін сатуға тыйым салу және басқа да заңбұзушылықтардың алдын алу бойынша рейдтік іс-шаралардың атқарылып жатқанын атап өтті.
— Бүгінде қоршаған ортаны құм көшкінінен сақтайтын бірден-бір амал құмды алқаптарға өсімдіктер егу болып табылады, оның ішінде біздің өңірімізде сексеуіл көшеттерін егу мен тұқымынан себу арқылы мәдени орман алқаптарын құрып, құмды алқапты орманға айналдыру. 2000 жылдары сексеуілдің құрып кету қаупі төнген соң, елімізде сексеуіл кесуге тыйым салынды. Ол кезде 5 жылға моратория жарияланған болатын. Жыл өткен сайын моратория ұзартылып келеді. Қазіргі таңда сексеуілді шабуға және сатуға да тыйым салынған. Бұл заңбұзушылықтар ҚР ӘҚБТ Кодексінде әкімшілік ашар көру қаралған. Қазіргі таңда сексеуілді орман шаруашылығы қызметкерлері тарапынан басқа да заңбұзушылықтардың алдын алу қатаң бақылауда, — деді ол.
Қазіргі таңда қатаң континенталды климатқа ие Отырар ауданында үлкен көлемде орманды молайту шаралары жан-жақты қаралып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
– Мекемеге қарасты орман қоры жерлерінде кешенді жоспарға сәйкес, 2021-2025 жылы 33 мың гектар аумаққа 41 млн астам ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Мекемеде 2021-2023 жылдар аралығында 11 мың гектар алқапқа 14 млн сексеуіл көшеті отырғызылды. Бүгінде тұқым себу жоспары толығымен аяқталды. Биылғы жоспар бойынша алқапта сексеуіл тұқымын себу күз мезгілінің еншісінде. Соңғы 2021-2022 жылдары егілген орман екпелерінің орташа көнімділігі 70-75 пайызды құраған. Қолданыстағы нормативтерге сәйкес Түркістан облысының орман қоры жерлерінде орташа көнімділік 50 пайыз болып бекітілген, – деді аталған мекеменің орманды қорғау және күзету инженері Бағдаулет Таңатұлы.
Облыс әкімінің бастамасымен Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген. Жоспар аясында аудан, қала әкімдіктеріне Отырар орман шаруашылығы мекемесінен 2022 жылдың күз айымен 2023 жылдың көктем айларында 400 000 түп сексеуіл, 148 500 түп әртүрлі ағаш-бұта көшеті босатылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады. Бүгінге дейін Арыс қаласы мен Отырар ауданына жалпы 548 500 дана ағаш бұта көшеттері отырғызылып, оның 60-65 пайызы өнді.
Биыл жергілікті мекеменің тұқымбағына көлемі 2.7 гектар жерге қарағаш тұқымы себілді. Ал қазан, қараша айларында 30 гектар жерге сексеуіл себіледі. Сонымен қатар жергілікті тұқымбаққа жәй арша, боз арша көшеттері көлемі 0.07 соттық жерге көктем мезгілінде отырғызылды. Биыл тұқымбақта 3 гектар жер дайындалып, оған үйеңкі, шаған, жиде, айлант, жәй арша, боз арша тұқымдары қорғаныш орман алқаптарынан жиналып себіледі. Бүгінгі таңда былтырғы және биылғы көшеттерге күтім жасау, агротехникалық шаралар, арам шөптерден тазарту, суғару, культивациялау, тыңайтқыштар себу сияқты шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Сонымен қатар 2023 жылы күз айында жергілікті тұқымбақтан қарағаш, шаған, үйеңкі сынды ағаш-бұта стандартқа сәйкес көшеттерін қазу жұмыстары жүргізіледі.
Облыста сексеуіл ағаштарының тұқымын жинау, тұқымбақтарда сексеуіл көшеттерін өсіру, оларды орман қоры аумақтарына отырғызу және себу жұмыстары қарқынды түрде атқарылып жатыр. Облыстағы тұқымбақтар өңірдегі елді мекендерді толық қамтамасыз етеді. Егілген ағаштардың сапасын басқармаға қарасты орман шаруашылығы мекемелерінің жауапты қызметкерлері мен аудан, қалалардың жауапты мамандары қадағалайды.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Жолдауында елді ауқымды көлемде көгалдандыру мақсатында орман қорында 5 жыл ішінде 2 миллиард ағаш отырғызуды және елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызуды тапсырды. Облыста осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.