Шымкентте 144 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттар енгізілген. Қазақстан Республикасының Еңбек Заңнамасы аясында 2023 жылдың 6 айында Шымкент қаласында 730 азаматтың өтініші қаралған. ҚР Конституциясына сүйене отып әркімнің қауіпсіздік талаптарына сай еңбек ету жағдайына құқығы бар. Бұл туралы бүгін Ақпарттық-коммуникациялық орталығының алаңында Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қалжанов Бауыржан Ахметәліұлы жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде өткен баспасөз брифингте баяндады.
«Еңбек қауіпсіздігі – бұл еңбек процесінде жұмыскерлерге зиянды және қауіпті өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын іс-шаралар кешенімен қамтамасыз етілген жұмыскерлердің қорғалуының жай-күйі. Жыл басынан қала аумағында 13 жазатайым оқиға орын алып (оның ішінде топтық жазатайым — 2), 15 адам зардап шекті. Өкінішке орай 4 жұмыскер қайтыс болды. Ал 10 жұмыскер ауыр жарақат алған (жеңіл жарақат алған — 1). Тергеп-тексеру материалдары қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды. Мемлекет басшысының 2020 жылғы 22 қазандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жұмыскерлер еңбегінің қауіпсіздігін және қорғалуын бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған «Халықтық бақылау» жобасын ірі кәсіпорындарда енгізу туралы тапсырмасы берілген.
Бүгінгі күнге қаламыздың 18 кәсіпорыны жобаны енгізді. Сондай-ақ 2019 жылы 17 маусымда Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы және Қазақстанның атқарушы органдары арасында «Vision Zero — Нөлдік жарақат» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Атқарылған шаралар нәтижесінде тұжырымдамаға қаламыздағы 70 кәсіпорын қосылды. Қаламыздағы кәсіпорындар мен мекемелерге тұрақты түрде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында мониторинг жүргізіліп отырады. Жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша бүгінгі күнге 1 452 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі бойынша өндірістік кеңестер жұмысы жүргізіп жатқан болса, 1 061 жұмыс орындарына зиянды және қауіпті еңбек қауіпсіздігі бойынша аттестациялау жүргізілді. Сонымен қатар қаламыздағы 144 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттар енгізілген. Өңіріміздегі 4 кәсіпорынның қызметі декларацияланып, «Сенім сертификаты» тапсырылды», — деді Б.Қалжанов.