1,5 шақырымнан тұратын құбыр жүйелерін тартуда. Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жауаптылармен бірге газдандыру жұмыстарын пысықтады. Бүгінде 2873 тұрғын қоныстанған Нұртас шағын ауданын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме қазір елдімекенге ұзындығы 1,5 шақырымнан тұратын құбыр жүйелерін тартуда. Нысан пайдалануға берілгенде елдімекен тұрғындары толық табиғи газбен қамтылады. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға газбен қамту жұмыстарын қарқынды жүргізіп, өндірістік кестеге сай тамыз айында абоненттерді көгілдір газға қосуды тапсырды. Айта кетейік, жыл соңына дейін қалада газдандыру бойынша 6 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталады. Ал Ынтымақ-2, Қайнарбұлақ елдімекендерінде газ жүйесінің құрылыс жұмыстарын алдағы жылы аяқтау жоспарлануда. Мегаполисте жыл қорытындысымен табиғи газбен қамту көрсеткішін 94%-дан, 96%-ға жеткізу жоспарлануда. Еске сала кетсек, 2023 жылы Шымкент қаласында 6 елдімекен табиғи газбен қамтылатындығы туралы ақпарат жарияланған.
Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен елдімекендерді табиғи газбен қамту және даму перспективасы талқыланған арнайы жиында айтылған болатын. Бүгінде қала аумағындағы 7 251 шақырым газ желілерінің 14 пайызы тозған. Былтырғы жылы Жаңғырту бағдарламасы аясында «ҚазТрансГаз» АҚ тарапынан 76 шақырым газ құбырын жаңарту жұмыстары басталған болатын. Шілде айына дейін 51 шақырым газ құбыры қалпына келтірілетін болады.
Жыл қорытындысымен Сәуле, Ақтас шағынаудандарында 2 магистральды желінің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ биыл Ақтас, Ақтас1, Нұршуақ, Ақжар, Арғымақ, Тұран шағынаудандарында 10 мыңнан астам абонент көгілдір газ желісіне қосылады. Бүгінде тағы 8 елдімекенді газдандыру бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Сондай-ақ, Әл-Фараби ауданында 2023 жылы табиғи газ жүйесімен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайтын болады. 2022 жылы Ақтас-2 елді-мекенінде мердігер мекеме «Ремстрой» ЖШС тарапынан табиғи газ желісінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, абоненттерге қосылу бойынша жұмыстары аяқталды.