Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап–ғылыми кітапханасында Созақ ауданының өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан Әбілқайыр Оспановты еске алуға арналған «Өмірім – өнеге болсын ұрпағыма» атты кеші өтті. Іс–шараның ашылу салтанатының көркі қазақтың киелі домбырасының үнімен үйлесін тапты. Әбілқайыр Оспановтың өмірбаянынан қысқаша бейнебаян көрсетіліп, Қазақстанның Құрметті журналисі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Өтеш Қырғызбаевқа сөз кезегі берілді.
Шараға Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Нұралы Әбішов, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев, белгілі меценат Бекет Тұрғараев,қоғам қайраткері Д.Шерімқұл,сондай-ақ, өңірдің зиялы қауым өкілдері, ардагерлер және руханият жанашырлары қатысты. Сонымен қатар белсенді қала жастары сұрақтар қойып атсалысты. Іс–шараның сәні Шәмші Қалдаяқовтың әні «Теріскей» құлаққа ұялатар әсем саз сыйлады.
Жиын барысында Әбілқайыр Садырұлы Оспановтың өмірі мен қызмет жолынан сыр шертетін кітап көрмесі жасақталып, арнайы бейнебаян көрсетілді. Ердің жасы елуге келіп отырған, қоғам қайраткері, елімізге аты мәлім экономист-финансист – Ербол Садыр, өзінің атаулы жасын ырду-дырду кеш өткізіп, өзін мақтап-марапаттауды мақсат етпей,мүмкіндігінше, өткеннен тарихи тағлым ретінде әкесі – Әбілқайырдың тоқсан жасына орай, тәлім-тәрбиелік мәні бар кітап қалдыруды о бастан армандаған екен. Соны өз мерейтойы қарсаңында қолға алуы, қуанып-құптарлық іс болды.
«Бәйтерек» кітабы төрт бөлімнен тұрады:1– бөлім: Есею белестері, 2–бөлім: Әбілқайыр Оспанұлының замандас, әріптестерінің естелік әңгімелері, 3–бөлім: Әбілқайыр ағамыздың қаламынан туған өлеңдер,Өлеңге әркімнің де бар таласы» деп, Абай айтқандай, әрбір өмір көрген қазақтың төрт ауыз өлең жазатындығыда белгілі жәйт, 4–бөлім:Әбілқайыр ағадан таралған, бүгінде өмірде әрқайсы өз орнын тапқан әулетті, яғни балалары, немере, шөберелерінің бүгінгі тұрмыс-тіршілігі туралы мәліметтер. Кездесуде Әбілқайыр Оспанов туралы жазылған Өтеш Қырғызбаевтын «Бәйтерек» кітабының тұсауы кесілді.