Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия жанынан құрылған жұмысшы топтың экспедиция кездесуі Кентау қаласында болып өтті.
Кездесуге Кентау қаласы әкімінің орынбасары А.Байболова және облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің бөлім басшысы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі Б.Әшірбаев, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық комиссия мүшесі, Қ.А.Ясауи университетінің доценті С.Оразбай және Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық комиссия мүшесі, тарихшы, ағылшын маманы Қ.А.Ясауи университетінің оқытушысы Н.Оразхан, Кентау қаласының зиялы қауым, Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, дін саласындағы өкілдері, ауыл ақсақалдары, көше билері және белсенді тұлғалар, өңірлік мұрағат пен қалалық мұражай қызметкерлері қатысты.
Басқосуда саяси қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарынан естелік әңгімелер, құжаттар мен фотолар жинақтау жайында әңгіме өрбіді.
Сонымен қатар кездесуге қатысушылар өз ойлары мен бірқатар ұсыныстарын айтты. Мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың немересі Сұлтанбек Қожанов естелік кітаптар, суреттер көрсетіп, құжаттармен таныстырды.
Түркістан облысындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия 2021 жылғы 14 қаңтарда құрылып, жұмысына архив қызметкерлерімен қатар, PHD докторлары, профессорлар, кандидаттар мен мүдделі мекеме қызметкерлері тартылған. Сондай-ақ, облыстағы 17 аудан, қалада тұрғындармен тікелей байланыс орнату мақсатында облыстық жауапты басқармалар мен аудан, қалалық ішкі саясат бөлімдерінің мамандары бекітілген. Осы орайда, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жұмысшы топ құрылып, тиісті жұмыстарды атқарып келеді.
Комиссияның жұмысын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен қажетті қаражат қарастырылып отыр. Қазіргі таңда «Алаш қозғалысы» және «Халық жады» бағыттары бойынша қосымша зерттеулер жүргізіліп жатыр.
Айта кетсек, бүгінгі таңда Түркістан облысында Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған 8 монументтік және мемориалдық ескерткіш орнатылған.