Арыс қаласының білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарының оқушыларын қала сыртындағы жазғы сауықтыру демалысына биылғы жылға 743 бала қамту жоспарланған болатын. Сол межеге сай ІІ-кезеңге — 374 оқушы тиісті құжаттарын рәсімдеп, 2023 жылдың 13 шілде күні Түлкібас ауданы, Машат ауылына қарасты «Арман шипажай» лагеріне жіберілді.
Қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагерінің негізгі мақсаты: балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, бала демалысы үшін қажетті жағдайлар жасау, салауатты өмір салтын қалыптастыру т.с.с. Денсаулықты нығайтуға қолайлы жазғы күндерді дұрыс пайдалану және әрбір баланың денсаулығын түзеуге және шынықтыруға ұмтылу, тыныға жүріп, түрлі бағыттағы іс — шараларға тарту арқылы тәрбиелеу маңызды.
Айта кетсек, Түркістан облысында балаларға арналған жазғы 9 лагерь өз жұмысын бастаған.Солардың бірі — Төлеби ауданына қарасты, Екпінді ауылында орналасқан «Біркөлік шатқалы» балалар лагері. 2018 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан лагерьдің 250 балаға демалыс орны қарастырылған. Қазіргі таңда онда 250 бала болса, олардың 200-і Қазығұрт ауданынан, қалғаны еліміздің әр өңірінен келген балалар. Лагерьге 16 жасқа дейінгі балалар қабылданады. «Біркөлік шатқалы» балалар лагері 9 корпустан тұрады. Жаз бойы лагерьде 7 ауысым болады. Әр ауысымда 8 топ, екі тәрбиеші бар. Балалар бос уақытта бейімділігіне қарай шахмат, футбол, волейбол ойындарына қатысып, өздерінің қабілеттерін шыңдай алады. Күнделікті екі мезгіл іс-шара өтіп отырады.
Балалардың жазғы демалысын әсерлі, мәнді ұйымдастырудан бөлек, олардың қауіпсіз жағдайда демалуын қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Лагерьлердегі қауіпсіздікті бірнеше органдар қамтамасыз етеді. Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі орталықтардың санитарлық талаптарға сәйкестігін тексеріп, арнайы қорытынды берілген. Одан кейін төтеншеліктер өрт қауіпсіздік мәселелерін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, балалардың суға шомылу қауіпсіздігі қарастырылған. Ал полиция органдары болса, лагерь аумағында қоғамдық тәртіпке жауапты.
Биыл жазғы лагерьлерде жалпы 2 000 баланы қамту жоспарланған. Көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына тегін жолдама ұйымдастырылған. Балалар күнделікті 4 мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. 10 күндік демалыс кестесіне сәйкес жоспар бекітіліп, балалардың уақытын тиімді өткізу басқарма тарапынан бақылауға алынған.