Түркістан облысында 190 мыңнан астам оқушы ыстық тамақпен қамтылады. Облыста 7 мемлекеттік және 10 жекеменшік лагерь бар. Биыл 41 597 балаға қала сыртындағы лагерлер, 153 000 балаға мектеп жанындағы лагерлер ұйымдастырылып отыр. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 23 207 бала бюджет есебінен тегін демалатынын ескерте кетейік. Қазір 15 мыңға жуық бала ата-аналар есебінен ақылы демалуда.
Сонымен қатар «Қазақстан Халқына» Қоры есебінен облыста 3390 бала жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады. Облыста 7 мемлекеттік және 10 жекеменшік лагерь бар. Демалыс лагерлерінде балалардың қауіпсіздігі басты назарға алынған. Кәсіпкерлерге тиісті талаптар қойылған. Әлеуметтік желіде кейбір ата-аналар жазғы сауықтыру лагері жұмысына көңілі толмайтындығын жеткізіп, ата-аналарға ұл-қыздарын алып қайту жөнінде жариялаған. Осыған байланысты ата-аналар арасында түсініспеушілік туындаған.
«Аталған мәселені зерделеу үшін тиісті комиссия құрылып, құзырлы органдар тарапынан балаларды қабылдайтын лагерлер тексерілді. Әлеуметтік желіде жарияланған балаларды ұрып-соғу, ашыған сүт беру, екінші қабаттан құлауы жөніндегі деректер жалған екені анықталды. Аймақта лагерлер тұрақты қадағалауда. Балалардың жазғы демалыс мәселесі өзімнің жеке бақылауымда болады», деді Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, өңірдегі бастауыш сынып (1-4) балаларын мектепте тегін тамақпен қамту қолға алынғанын жеткізді. Қыркүйек айынан бастап облыста бастауыш сыныптағы 190 мыңнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтылады. Асханасы жоқ мектептерде де тамақтандыруды үйлестіру жұмыстары жүреді.Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында апатты, үш ауысымды және орын тапшылығын жою мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында 96 мектеп салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда өңірде «1 000 мектеп» бағдарламасымен жалпы 7 500 орынды 24 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде биыл 11 білім ұясы пайдалануға берілмек. Қалған 13 мектептің құрылыс жұмыстары 2024 жылға өтпелі.
Ал, 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық шеңберін іске асыру мақсатында облыста 49 000 орынды 63 мектептің құрылысы жүргізіледі. 2023 жылдың соңына дейін Түркістан облысында жалпы 20 мектепті (5 150 орын) пайдалануға берілу жоспарланған.