Түркістан облысы: Күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектептер басшы назарында
Бүгін Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Талғатұлы мен бөлім басшысы Дәулет Анасұлы №16 И.Панфилов атындағы жалпы орта мектебінде жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Қазіргі уақытта мектеп ғимаратының құрылыс конструкцияларының сенімділігі мен тұрақтылығына «АДС Эксперт» ЖШС техникалық тексерістер жүргізген. Жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша ғимараттың қауіпсіз және ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін бірінші қабаттың еденін жаңа материалды қосу арқылы қолданыстағы негізгі топырақты нығыздау және еденді торлы арматурамен қайта жабу керек екен. Сондай-ақ, сумен жабдықтау желілерін де ауыстыру қажет. Жоғарыда аталған кемшіліктерді ескере отырып және арнайы әзірленген жоба бойынша, мектептің жағдайын арнайы зерттеген сараптамалық топтың қортындысы бойынша мектеп апаттық жағдайда деп танылмаған. Тек қабырғаларының сетінеген жерлеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі айтылған.
Сарыағаш ауданы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты №16 И.Панфилов атындағы жалпы орта мектебі 1979 жылы пайдалануға берілген және бүгінгі таңда 1275 оқушы білім алуда.
Күрделі жөндеуге тапсырыс беруші – аудандық білім бөлімі. «АДС Эксперт» ЖШС-нің ТО 17-2019 санды тапсырысы негізінде жасалған. Бас жобалаушы «Дербес құрылыс жоба» ЖШС. Жобаға 285 826 млн теңге бөлінген. Күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі – 2023 жылдың 25 тамызына дейін.
Айта кетсек, соңғы 5 жылда өңірде 100 мектеп салынды. Рухани шаһар облыс орталығына айналмас бұрын білім ордаларының саны 900-дің жобасында болса, қазір мыңнан асып жығылады. 78 мектептің құрылысы бюджет есебінен жүргізіліп, бүгінде 64 білім ошағының құрылысы аяқталған. Бұл үш ауысымды мектептер өзектілігін шешуге өз септігін тигізіп отыр.
Одан бөлек, 108 мектептің асханасы жаңғыртылды. Оқушылардың қауіпсіздігін сақтау үшін 907 мемлекеттік мектеп толығымен бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Оның ішінде, 750 мектептің бейнекамерасы полицияның жедел асқару орталығына интеграцияланды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында апатты, үш ауысымды және орын тапшылығын жою мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында 96 мектеп салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда өңірде «1 000 мектеп» бағдарламасымен жалпы 7 500 орынды 24 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде биыл 11 білім ұясы пайдалануға берілмек. Қалған 13 мектептің құрылыс жұмыстары 2024 жылға өтпелі.
Ал, 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық шеңберін іске асыру мақсатында облыста 49 000 орынды 63 мектептің құрылысы жүргізіледі. 2023 жылдың соңына дейін Түркістан облысында жалпы 20 мектепті (5 150 орын) пайдалануға берілу жоспарланған.