2023-2024 жылғы оқу жылдарына 3 653 грант бөлініп отыр.
Түркістандық талапкерлер «Серпін» бағдарламасына 13-22 шілде аралығында құжат тапсыра алады. Елімізде Оңтүстіктегі жастарды солтүстікте оқытып, көшіруді мақсат еткен «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы 2014 жылы бастау алған болатын. Аталған бағдарлама аясында талай жас теріскейге барып, білім алды, біразы сонда тұрақтап қалды. «Серпін» бағдарламасы халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігі байқалған Қазақстанның солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру бағытында қолға алынған. Ауыл түлектеріне арналған бағдарлама аясында 2023-2024 жылғы оқу жылдарына 3 653 грант бөлініп отыр. Оған Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарының түлектері қатыса алады.
Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Ернар Бектаевтың мәлімдеуінше, өңірлерге гранттар саны нақты белгіленбеген. Бұл ретте, түркістандық талапкерлер республика бойынша биыл бөлінген гранттың 30 пайызын иелену мүмкіндігі бар, яғни 1 400 түлек оқуға қабылданады деп жоспарланып отыр. «Қазіргі таңда аудан, қалаға бекітілген апталық жоспар бойынша «Серпін» бағдарламасына бөлінген гранттарды жастарға түрлі брошюра таратып, афиша, бейнероликтер жариялау арқылы насихаттап жатырмыз. Бағдарлама аясында 13-22 шілде аралығында үміткерлер құжаттарын тапсыра алады.
Биыл құжат тапсыру жеңіл әрі жастардың көп шоғырланған өңірлеріне ауысып отыр. Яғни, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мәжіліс залы мен Сарыағаш ауданындағы мәдениет үйінде құжат қабылдау комиссиясының жұмысын жүргізу жоспарланған», — деді Ернар Бектаев. Жалпы гранттар Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстарында орналасқан университеттерге бөлінеді. Гранттар техникалық ғылым, ауыл шаруашылығы, медицина саласын қамтиды. Айта кетерлігі, биыл 1 қыркүйектен бастап шәкіртақыны бакалавр студенттеріне 20 пайызға, магистратура студенттеріне 15 пайызға дейін өсіру жоспарланған. Осылайша бағдарлама аясында биыл 18 университеттің өкілдері түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, оқуға шақырды. Олардың ішінде Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті, М.Қозыбаев атындағы СҚУ және Инновациялық Еуразиялық және Сәтпаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық университеті, Өскемендегі С.Аманжолов атындағы университеті мен Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ бар.
Сонымен қатар, бағдарлама шеңберінде Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті мен Ә.Бөкейханов университеті, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты жастарды білім нәрімен сусындатпақ. Сондай-ақ, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті, Қостанай облысындағы Рудненский индустриалды институты және М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті бар. Бұдан бөлек, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті және А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, А.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Қарағанды индустриалді университеті, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Павлодар облысындағы С.Торайғыров Университеті Оңтүстік түлектеріне есігін айқара ашпақ. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің бас сарапшысы Әділбек Мансуровтың айтуынша, бұл бағдарламаға 2023 жылдан бастап жаңа жүйелер енгізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін «Серпін» бағдарламасы бойынша тегін білім алған студенттер оқу бітіргеннен кейін оқыған өңірлерінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттелген болса, ендігі уақытта талап өзгеріп еңбек өтеу мерзімін азайтып, екі жыл жұмыс істеу міндеттелді. Сондай-ақ, жас мамандар тек оқыған өңірінде ғана емес, солтүстік, батыс және шығыс өңірлеріне қарасты 11 аймақта жұмыс істеуіне болады.