Созақтық өнертапқыш Бағдаттың тағы бір жобасы үш тілде тыңдауға болатын дыбыстық ескерту қондырғысы. Ол өзі еңбек ететін «ҚазТрансОйл» компаниясының «16 алтын қағидасын» басшылыққа ала отырып жасап шыққан. Бір артықшылығы, мұндай ескерту өзге де өндіріс саласында жұмыс істейтіндер үшін таптырмас құрал. Мұнда флешкаға қазақ, орыс және ағылшын тілінде жазылған қауіпсіздік шараларын, қолданушы қалаған тілде батырманы басып тыңдай алады. Сондай-ақ оны көліктерге, автобустарға да орнатып қойса болады.
Тағы бір жобасына ол дыбыстық ескертулер ережесін орнатқан. Мәселен, өндіріс орнындағы кез келген автоматты шарықты іске қосса да бірден қосылмайтын, алдымен қолданушыға көзілдірігін тағып, қауіпсіздік ережесін сақтауы тиістігін айтып ескерту жасайды. Шарық сосын барып қана іске қосылады. Бұл да өндіріс барысында ұмытшақ адамдардың абайсызда жарақат алуын азайтуға үлес қосатын инновациялық идея.
Жақында ол өзі еңбек ететін мұнай тасымалын қамтамасыз ететін станция үшін өртке қарсы құдықтарды жылы ұстайтын қондырғы ойлап тапты. Осы қондырғысы үшін жыл соңында «ҚазТрансОйл» АҚ компаниясы оған сертификат пен қомақты сыйақы тағайындады.
Мен ойлап тапқан құрылғының ерекшелігі, оны пайдалану өте ыңғайлы. 30 мм пеноплекстен жасалған және жылуды жақсы сақтайды. Әдетте қыста жылы ауаның әсерінен қақпақтың төменгі бөлігі терлеп, қатып қалады. Кейбіреулер оны матамен орайды. Менің құрылғым жылуды жақсы сақтайды және құдықтың аузын жақсы тығыздауға арналған. Аспапты орнату кезінде оны ұстап тұру да ыңғайлы болуын ескердім, — дейді Б.Лақбаев.
Төтенше жағдайда немесе арнайы оқу-жаттығулар кезінде өрт гидранттарының қақпағын ашуға көп уақыт кетеді, ал бұл люк жеңіл, тез ашылады. Өйткені қондырғы құдықтың ішкі жағынан сәл төмен орналасқан, яғни құрылғы қақпаққа тиіп кетпейді. Себебі кейбір құдықтың қақпағы ішке қарай ашылады. Жалпы, қондырғыны кез келген құдыққа орнатуға болады, материалына көп те қаражат кетпейді. Өнертапқыш қондырғыны дайындауға шамамен 3000 теңге жұмсалғанын атап өтті. Өнертапқыштың айтуынша, мұндай люк еш жерде жоқ, сондықтан ол өз өнертабысын патенттегісі келеді. Әзірге бұл қондырғы тек «Жуантөбе» мұнай айдау станциясында ғана орнатылған.
Бағдат Лақбаев күнделікті өмірге қажетті нәрсені ойлап табу үшін ең алдымен бір айдай интернеттен және басқа да дерек көздерінен осыған ұқсас аналогтар іздейді. Жасағалы жатқан дүниесі еш жерде жоқтығына көзі жеткенде ғана жасауға кірісетінін айтты.
Негізгі мақсат – Қазақстанда өнертапқыштықты насихаттау, содан кейін оларды ТМД елдеріне экспорттау. Мен алдымен өнертабысымның баламасы жоқ екенін интернеттен қарап, әбден тексеріп аламын. Құдықтарға арналған қақпақты жасау туралы көптен ойланып жүргенмін. Соңында осы нұсқа ең тиімді болып шықты. Өнертапқыштық – бұл тұнып тұрған шығармашылық азарт, арманыңды жүзеге асыру үшін шабытың «қызып» тұрған кезде жасауың керек, – дейді өнертапқыш.
Бүгінде Бағдат өзінің өнертапқыштық жұмыстарының біразына Астанадағы зияткерлік орталығынан патент алып та үлгерген. Электронды бесік пен киіз үйді жасауға көптеген адамдар қызығушылық білдіріп, тапсырыс та берген. Алайда өнертапқыш жобаға қажетті кейбір электронды басқарылатын бөлшектердің Қазақстанда жоқтығына байланысты жасамағандығын айтты. Себебі қажетті бөлшектерін арнайы шетелге барып, өзі әкелуі керек екен. Созақтық өнертапқыштың қоржынында онға жуық жобасы жатыр. Жұртшылық алдағы уақытта ол туралы да біле жатар.