Облыс бойынша 2025 жылға дейін «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында 324 мектептің кітапханаларын жаңғырту жоспарлануда. Өздеріңіз көріп отырғандай, заманауи кітапхана оқушының тек кітап алып, кітап оқитын орны ғана емес, баланың толыққанды ақпарат алып, ізденетін, еркін ойлы қатарластарымен бірге тиімді уақыт өткізетін ортасы болып саналады. Алдағы жылдары білім беру ұйымдарындағы кітапханаларда IТ жабдықтары бар Coworking – орталықтары ашылатын болады. Өткен жылға өкпе жоқ, біршама жұмыстар атқарылды, сонымен қатар алдағы жылдарда бізді ауқымды жұмыс жоспарлары мен жобаларымыз жүзеге асады деп сенемін,”-деді Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы.
Сонымен қатар, Түркістан облысы Сарыағаш ауданында өңірдегі 1 000-шы мектеп ашылған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде тапсырма берген еді. Бұл ретте демографиялық өсімі жоғары болғандықтан, нәтижесінде мектеп саны 1 000-ға жетіп отыр. “Мемлекет басшысы балаларға жағдай жасауды ерекше тапсырды. Өнерлі, білімді, спортқа бейім балаларды жан-жақты дамыту керектігін айтты. Бұл тапсырманың біздің өңір үшін маңызы өте жоғары. Себебі еліміздегі сәбилердің бестен бірі Түркістан облысында дүниеге келеді. Облысымызда қазір 700 мыңнан астам бала бар. 2 400-ге жуық білім беру ұйымы жұмыс істейді. Облыста 2023-2025 жылдары кезең-кезеңімен 96 мектептің құрылысын салу жоспарланып отыр. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл қолдаулар ұстаздарға шабыт береді және жас ұрпақтың сапалы білім алуына оң ықпал етеді,”– деген болатын облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Сондай-ақ, 2025 жылға дейін Түркістанда әлі де жаңа мектептердің құрылысы кезең-кезең бойынша салынбақшы. Бұл әрине өз кезегінде үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін шешу үшін жасалып жатқан жұмыстар. Бүгінгі таңда оңтүстік өңірде жалпы саны 1406 балабақша бар, оның 267-сі мемлекеттік, 1007-сі жекеменшік, 86-сы мектеп жанынан ашылған шағын орталықтар құрайды.
Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрлыбаевтың айтуынша, әр саладан жинақталған ұсыныстарға сәйкес 87 мамандық бойынша қажеттілік анықталған. Жалпы өңірде 52 колледж бар. Мемлекеттік тапсырысты білім стандарттарына әрі техникалық талаптарға сай оқу орындары ғана ала алады. Биыл өндірісті дамыту мақсатында инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары үшін 8375 грант, ауыл, орман, балық шаруашылықтары және ветеринария саласына – 700, қызмет көрсету кадрларын даярлауға 1575 грант бөлу жоспарланған. Яғни, техникалық мамандықтарға басымдық беріліп отыр. Ал, білім саласы мамандарын даярлауға – 1100, өнер және гуманитарлық ғылымдарға – 275, кәсіпкерлік басқару және құқық саласына –375, цифрландыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласы үшін 1950 грант бөлу межеленген. 2023-2024 жылы оқу жылына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу жөніндегі комиссия отырысында жастарды орта біліммен қамту жайы талқыланған еді. Жиынға төрағалық еткен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев колледжге түсуші түлектерді мемлекеттік грантпен қамту бағытындағы жұмысты жандандыруды тапсырды.
«Өткен жылы Түркістан облысы үшін арнаулы оқу орындарына 17 мың грант бөлінген. Бірақ оның біразы игерілмей, кері қайтарылған. Оның түрлі себептері бар. Бірақ биыл мұндай олқылық қайталанбауы тиіс. Осыған сәйкес өңірімізге 15300 грант ұсынылып отыр. Оның 650-ден астамы облыстық бюджеттен медициналық мамандарды даярлауға бағытталды. Колледжде грантқа түскен студенттерге 30 мың теңге стипендия беріледі. Осы мүмкіндікті жастарымыз пайдалансын», – деді Бейсенбай Тәжібаев. Айта кетейік, үшінші мегаполис саналатын Түркістан облысында игі шаралар өз жалғасын табады. “Білімді мыңды жығар” демекші, білімді жастар мен, білікті мамандар бақытты болашақтың кепілі болмақ.