Түркістан облысында жалпы 983 (оның ішінде 75 жекеменшік) мектеп бар. Соңғы жылдары 83 жаңа мектеп пайдалануға берілді, ал қазір 59 мектеп салынып жатыр. Түркістан облысында жалпы орта білім беретін 910 (10 жеке меншік) ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 97 бастауыш, 57 негізгі, 756 орта мектеп. 78 қалада, 832-ауылдық елді мекендерде орналасқан.
Салынатын мектептердің негізгі міндеттері мынадай болмақ. Құзыретті тұлғаны қалыптастыруға және дамытуға бағытталған білім беру бағдарламаларын меңгеру арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдай жасау және білім алушылардың тиісті мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында көзделген базистік ғылым негіздерін алуын қамтамасыз ету. Сондай-ақ, тұлғаның шығармашылық, рухани және физикалық мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру мен азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны – Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік тілді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге, Конституцияға қарсы және қоғамға қарсы кез келген көріністерге төзбеуге тәрбиелеу. Бұдан бөлек, белсенді азаматтық ұстанымы бар тұлғаны тәрбиелеу, республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өміріне араласу қажеттігін, жеке адамның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыру және отандық және әлемдік мәдениеттің жетістіктеріне баулу, қазақ халқының және Қазақстан Республикасында тұратын басқа да ұлттардың тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу.
«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын іске асыруға отандық өндірушілерді тарту мәселесі Мәжілістегі «АMANAT» депутаттық фракциясының кеңейтілген жиынында талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының қолға алынатынын жария етті. Жобаны іске асыру барысы туралы «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясы алдында Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан баяндама жасады. Ол соңғы 10 жылда елімізде оқушылар саны 1 млн-ға артып, 3,7 млн-ға жеткенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта 270 мың оқушы орны тапшы. Егер тиісті шара қабылданбаса, 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 1 млн-нан асады.
«Сондықтан Ұлттық жоба аясында 2026 жылға дейін 800 мыңға жуық оқушы орынын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Бұл мектептер оқушылар мен педагогтарға жайлы жағдай жасау үшін қажетті заманауи құрал-жабдықтармен, жиһаздармен, интернет желісімен қамтамасыз етіледі. Әрбір оқушы үшін жеке шкаф, трансформер парта орнатылып, мектептің әр қабатында оқуға және демалуға арналған коворкинг бөлме, интерактивті құрылғы, TOUCH/LED-экран, әмбебап шеберхана және т.б. болады», – деді Еділ Оспан.
Сондай-ақ вице-министр 2026 жылға дейін Ұлттық жобадан тыс шамамен 600 мың оқушы орнын пайдалануға беру, ауылдарда, шағын қалаларда және аудан орталықтарында 3 мыңнан астам мектепті жаңғырту жоспарланғанын атап өтті. Жаратылыстану-математика бағытында білім беруді жақсарту мақсатында 2029 жылға дейін мектептерде жергілікті бюджет есебінен 7 мың заманауи робототехника, химия, физика, биология, STEM кабинеттерін ашу көзделген.
Фракция басшысы, партияның Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев мектептер салу кезінде Қазақстанда өндірілген материалдар пайдаланылуы тиіс екенін атап өтті.
«Елімізде кез келген ауқымды инфрақұрылымдық құрылыс кезінде барынша отандық өндіріс материалдары пайдаланылуы тиіс. «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыруға 2,6 трлн. теңге бөлінді. Бұл қаражат оқушы орындарының жетіспеушілігін шешіп қана қоймай, отандық өндірісті дамытуға бағытталуы тиіс. Конкурстық құжаттаманы рәсімдеу кезеңінен-ақ отандық кәсіпкерді қолдау шаралары белгіленуі тиіс еді. Алайда, жобалау кезеңінің өзінде импорттық материалдарды пайдалану көзделіп, отандық тауарлар ысырылып қалып жатыр. Осыған байланысты тапсырыс алып, жұмысы жүретініне сеніп қалған салалық қауымдастықтардан түрлі шағым келіп түсуде. Сондай-ақ, материалдар, жиһаздар мен жабдықтар бойынша барлық сатып алу рәсімі құрылыс компанияларының құзыретіне берілген. Ал ірі бизнес өз пайдасын ғана ойлап отыр. Құрылыс материалдарын, шыны, жиһаз, техника өндіретін біздің кәсіпорындар жобаға қатысуы тиіс. Өзге елдің экономикасын жарылқай беруді доғару керек», – деді ол.
Өз кезегінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов компания бірыңғай стандарт бойынша ғимараттардың типтік жобасын әзірлеп жатқанын айтты. Бұлар – 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 және 2500 оқушы орнына арналған екі ауысымды мектептер.
«Біз 5 климаттық аймаққа арналған 7 жобалық қуат бойынша 35 жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатырмыз. 2026 жылға дейін барлығы 401 мектеп салынады. Жалпы қызметтерді пайдалану ауқымы бойынша қазақстандық өнімнің үлесі шамамен 70-80%-ды құрауы тиіс. Мәселен, жиһаз жасайтын отандық компаниялардың 90%-ы тиісті техникалық сипаттама алған жағдайда мектеп жиһаздарын шығара алады. Біз құрылыс компанияларына уақтылы келісімшарттар жасасу және жиһазға тапсырыс беру бойынша талаптар қоямыз. Қызметті жеткізушілерден: 3 жылдан 5 жылға дейін қызмет көрсету туралы кепілдік және CT KZ сертификатының болуы талап етіледі», – деп атап өтті ол.