Елордада 15-16 маусым аралығында тұңғыш рет «Балалар мен жастардың қабілеттері мен дарындылығын диагностикалау мен дамытудың өзекті мәселелері» атты халықаралық психологтар форумы өтуде.
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен «El Umiti» КҚ бірлесіп ұйымдастырып отырған бұл шарада 10 танымал спикер дәріс оқиды. 2 күндік форумда әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатысушыларға білім, психология, эмоционалды интеллект, мектеп оқушыларының қабілеттері мен дарындылығын дамытудың заманауи тетіктері және өзге де тақырыптар аясында құнды ақпараттар ұсынылып, шеберлік сағаттары ұйымдастырылады.
Форум жұмысы пленарлық отырыс, дөңгелек үстелдер және форсайт-сессиялар түрінде өтуде. Сондай-ақ балалар психологиясы, жастар мен жеткіншектердің дарыны мен талантын дамыту бағытындағы жетекші халықаралық және отандық сарапшыларымен Crunch-сессиялар жұмысы қарастырылып отыр.
Офлайн түрде қазақ, орыс, ағылшын тілінде жүргізілетін форумға 250-ге жуық қонақтар мен тәжрибелі мамандар қатысып жатыр.
Пленарлық отырыс аясында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Дарындыларды қолдаудың Еуропалық желісінің (ECHA) вице-президенті, психолог және профессор Сильвия Фодор (Szilvia Fodor), ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова, Венгрияның таланттар кеңесінің директоры, ECHA өкілі Чилла Фусжек сияқты жоғары лауазымдағы қонақтар сөз сөйледі. Олар балалар мен жастардың қабілеттері мен дарындылығын дамытудың әртүрлі аспектілеріне назар аударды.
Педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтер сияқты мамандардың арқасында білім беру ұйымдарының кадрлық әлеуеті артып келеді. Кәмелетке толмағандардың аутодеструктивті мінез-құлқының алдын алу, сондай-ақ балаларда өмірге төзімділік дағдыларын қалыптастыру бойынша бағдарламалар іске асырылып жатыр», — деді Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Сабырұлы.Сондай-ақ, оқытушылар шәкірттерінің ойын түсініп, дамытуға сабақтың ойын түрінде өткізілетіні де пайдалы екенін алға тартуда. Форум барысында өңірдің психолог-педагогтары өзара тәжірибе алмасып, бақытты болу, адамгершілік құндылықтар, рухани байыту жайында дәрістер оқыды. Ғылыми жобалар жайылған көрмені де тамашалады.