Сібір жарасы – адам және жануарлардың өлімімен өтетін аса қауіпті жұқпалы ауру. Ауру жеке органды ғана емес, тұтас ағзаны да зақымдап, көп жағдайда терінің, кейде өкпенің, ішектің қабынуын және зақымдануын тудырады. Инфекция көзі науқас жануарлар болып табылады.
Ауырған жануардың зәрі мен нәжісінде ауру қоздырғышы анықталады.
Bacillus anthracis сібір жарасын тудырушы бацилла, сыртқы ортаға өте төзімді, спора түрінде топырақта 100 жылға дейін белсенділігін жоғалтпайды. Адам ауруды жануарлардан мал сойғанда, малға күтім көрсеткенде, асқа ауру малдың етін, сүтін қабылдағанда жұқтырады. Инкубация кезеңінің ұзақтығы терілік формада бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсистік формада 6-8 күн. Аурудың екі клиникалық түрі болады: біріншісі — жергілікті тері (карбункулезді, эдематозды, буллезді, эризипеллоидты), екіншісі — сепсистік (өкпелік, ішектік) түрлері. Ең жиі кездесетін түрі карбункулезді түрі. Дененің ашық жерлері зақымдалады.
Сібір жарасын жұқтырған немесе күдікті жануарларды дереу оқшалау. Ауру малдың еті мен басқа өнімдерін зертханалық зерттеусіз тамаққа және т.б. мақсаттарда пайдалануға жол бермеу қажет.
НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР!!!
Өзіңіздің денсаулығыңызды қауіп-қатерден сақтау үшін тағамға қолданылатын мал өнімдерін, оларды өңдеуден өткізу тек қана ветеринар сараптамасынан кейін ғана қолданғаныңыз жөн! Сараптамадан өткен етті сатып алсаңыз да, өзіңізге ереже етіңіз: етті үйде қолғаппен бөлу керек, тақтай, пышақ тек қана шикі етке ғана арналған болуы керек. Оларды ыстық сумен немесе қайнаған сумен шайыңыз. Аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда міндетті түрде тез арада медициналық көмекке жүгініңіз, себебі ем неғұрлым ерте басталса, нәтижесі де қолайлы болады. Сырқатты жұқтырмау үшін ет алуда абай болу керек. Еттің ветеринарлық зертханадан өткендігі туралы анықтаманың болуы маңызды!!!
Есте сақтаңыз: сібір жарасы аса қауіпті жұқпалы аурулар қатарына жатады.
Н. Нышанов
Түркістан облысының СЭБД Басшыcы