Кездесу барысында бірлескен жобаларды жүзеге асыру тетіктері талқыланды. Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Алматыдағы ҚХР-ның Бас консулы Цзян Вэй ханыммен кездесіп, Шымкент пен Қытайдың Сиань қаласы арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер барысында екі қаланың арасында ресми түрде бауырластық байланыс орнатты. Сонымен қатар алдағы уақытта Сианьде Қазақстанның Бас консулдығы ашылатын болды. Кездесу барысында қалалар арасында мәдениет, туризм, ауылшаруашылығы, құрылыс, жол-көлік салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру тетіктері талқыланды.
Былтыр Шымкент пен Қытай арасындағы екіжақты тауар айналымы 236,6 миллион АҚШ долларына жеткен. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан миллионды қала арқылы Еуропа мен Азия арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансұлттық көлік дәлізі өтеді. Мегаполистің Орталық Азияда инвестициялар, технологиялар мен зияткерлік ресурстарды тартудың жаңа орталығы болуда әлеуеті зор. Қытай тарапы республикадағы үшінші қаланың осындай мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, түрлі салада ұзақ мерзімді жобаларды іске асыруға қызығушылық танытуда.
Бас консул қыркүйек айында Шымкент делегациясын Сиань қаласында өтетін экономикалық мәселелер талқыланатын ауқымды шараға қатысып, қаланың мүмкіндіктерімен танысуға шақырды. Еске сала кетейік, осыған дейін Мұрат Әйтенов Қазақстан Корейлер Қауымдастығының өкілдерін қабылдаған болатын. Кездесу барысында Корея Республикасы мен Шымкент қаласы арасындағы өзара ынтымақтастық, мәдени және этносаралық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды. Бүгінгі таңда үшінші мегаполисте 6618 корей тұрады. Екі елдің дипломатиялық қатынастары нәтижесінде Шымкент пен Корея арасындағы тауар айналымы жылдан жылға артып келеді.
Былтыр тауар айналым көрсеткіші 45466,18 мың АҚШ долларын құрады. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 188% — ға жоғары. Қазір елімізде Samsung, Hyundai, Lotte, Posco, KNOC және басқа да жетекші корпорацияларды қоса алғанда, корей капиталы бар 550-ден астам кәсіпорын жұмыс істеуде. Алдағы уақытта қос тарап сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды күшейтуге уағдаласты. Президенттің тапсырмасы бойынша биыл сәуір айында елімізде іске асырылып жатқан барлық инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы қалыптастырылды. Аталған пул тоқсан сайынғы негізде жаңартылып, министрліктер мен әкімдіктердің сайттарында жарияланды.