Он спорт түрінен өтіп жатқан Республикалық Ұлттық мектеп лигасында облыс оқушылары үздіктер қатарынан көрінді. Биыл лига ойындары баскетбол, футзал, волейбол, гандбол, футбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, бес асық, асық ату, жеңілатлетикалық кросс спорт түрлерін қамтыды.
Іс-шараның мақсаты – балалар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спорт арқылы зиянды әдеттерден арылу, патриоттыққа тәрибелеу, республикалық жарысқа қатысатын мектеп командасын анықтау.
Түркістан облысынан ұлттық мектеп лигасына өңіріміздің намысын қорғауға 500-ге жуық оқушы қатысты.
Ұлттық мектеп лигасы аясында 30 жарыс бойынша республикалық кезеңге бес мың оқушы жолдама жеңіп алған. Еліміз бойынша 2022-2023 оқу жылында мектепішілік, аудандық, қалалық/облыстық кезеңдерге екі миллионнан астам оқушы қатысқан.
Енді маусым айында 5-6 сыныптар арасындағы спорт додасының нәтижесі белгілі болады. Барлық оқушыларға сәттілік тілейміз! Ал, жеңіске жеткен жасөспірімдер шын жүректен құттықтаймыз.
Айта кетсек, Ұлттық мектеп лигасы аясында футбол, баскетбол, гандбол, волейбол спорт түрлерінен өтетін жарыста оқушыларға спорт мектебінен бапкер, кәсіби маман бекітілген. Лига жарыстары чирлидинг, яғни үйлесімді спорт түрі форматында ұйымдастырылады. Әр мектеп командаларының өз логотиптері мен ұрандары жасалған. Командалар арнайы спорттық формаларымен қамтамасыз етілген. Мектеп оқушыларына жарысқа арнайы автобустар тасымалдайды. Ұлттық мектеп лига жарыстарының негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Лига жарыстары барысында жасөспірімдер арасында командалық рух қалыптастыру және ауылдық, аудандық, облыстық деңгейде қоғамдық өмірге белсене атсалысатын лидер, көшбасшыларды топтастыру. Облыстық спартакиаданың кезеңі қаңтар айында мектепішілік команда жасақталып, аудандық чемпион команда анықталады. Бұл лигада облыстағы ең үздік деген спортшы оқушылар өнер көрсетеді. Жеңімпаз болған спорт командасы, облыстық, республикалық, халықаралық мектеп оқушылары арасында спорттан жарыстарға қатысып, ел намысын қорғайды. Наурыз айында облыстық чемпионатта әр аудан, қаладан үздік командалар өзара облыстық іріктеуге қатысып, чемпион командалар марапатталады.