Бүгін — Халықаралық балаларды қорғау күні. 1950 жылдан бастап аталып өтіліп келе жатқан мереке күні барлық ересек азаматтарымыз кішкентай балақайларға ерекше көңіл бөліп, оларға зор қуаныш сыйлауға тырысады. Сонымен қатар, балаларға арналған түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылып, сый-сияпаттар жасалынады.
Бүгін сондай мерекелік шара қала орталығындағы «Жеңіс» саябағында өткізілді. Түркістан қаласының әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған шарада балалар түрлі мерекелік шаралар мен байқауларға қатысып, жазғы демалыстың алғашқы күнін жоғары дәрежеде өткізді.
Мерекелік шара «Балғын балалар – біздің болашағымыз» тақырыбындағы қайырымдылық акциясынан басталды. Акция барысында іші сыйлыққа толған көлік үйде оқытылатын оқушылардың үйлерінде болып, сыйлықтар үлестірді. «Әлем балалар көзімен» атты байқауда оқушылар асфальтке сурет салудан сайысқа түссе, шахмат жарысында да оқушылар ой ұшқырлықтарын көрсетті. Ал, «Біздің болашақ білекті, дені сау ұрпақ» сайысында жас спортшылар шеберліктерін көрсетті.
«Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» тақырыбындағы кітап көрмесінде балаларға арналған әдебиеттер ұсынылса, «Алтын қолдар, шебер қолдар» тақырыбындағы көрмеде оқушылар жасаған суреттер қойылды.
Мереке барысындағы ауқымды шаралардың бірі мектеп балабақшаларының ұйымдастыруымен өтті. Мұнда балабақша бүлдіршіндері мен педагогтардың жасаған ойыншық бұйымдары көпшіліктің қызығушылығын оятты. Ал, «Ұлттық ойын – халық мұрасы» атты байқауда балдырғандар бестемше ойнады.
Мерекелік шараға қатысып, балалардың қуанышымен бөліскен Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, облыстық мәслихат депутаты Сүлеймен Арыстанов, қалалық мәслихат депутаты Ғалымжан Худияровтар барлық шаралардың куәсі болып, балалардың белсенділігіне ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар, мерекелік концерттік бағдарламаға қатысып, жиналғандарды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, сый-сияпаттарын табыс етті.
Шын мәнінде балалардың әр күні мереке болуы тиіс. Олардың өмірінің қауіпсіз болуы, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа білім мен тәрбие беру біздің міндетіміз екендігін де ұмытпауымыз қажет. Болашақ ұрпақ әрқашан бейбітшілікте өмір сүріп, елін, жерін қорғайтын азаматтар болып өсуі жолында жұмысымызды жалғастырамыз!