Бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев еліміз бойынша 2022 жылдың қыркүйегінен 2023 жылдың қыркүйегі аралығында 14 пен 29 жас аралығындағы жастар арасында өзін-өзі дамытуға арналған “Елбасы медалі” жобасына қатысып, қола медаль иеленген ауданымыздың жеңімпаз оқушыларын арнайы қабылдап, медалдармен марапаттап, оқушыларға сыйлықтар табыстады.
Жиынға бөлім басшысы Дәулет Анасұлы, білім бөлімінің мамандары, дарынды оқушыларымыз бен олардың жетекшілері қатысты.
Алты ай көлемінде өзін – өзі дамытумен айналысқан жастар арасында бәсекеге түскен дарынды оқушыларымыз «Елбасы медалі» жобасының жеңімпаздары атанды.
— Жастарды кешенді дамытуға бағытталған, ұлттық деңгейдегі жобаға қатысып, өз уақытын басқаруға, салауатты өмір салтын ұстанып, шығармашылықпен айналысып үнемі өзін-өзі дамытуға үйренген үздіктерді құттықтаймыз! Алдағы уақытта тек жақсы жетістіктеріңізбен, жоғарғы нәтижелеріңізбен қуанта беріңіздер!Мен Сіздерге аудан жұртшылығы атынан жоғары білімді азамат, білікті маман болып, болашақта ауданымыздың өркендеуіне лайықты үлес қосады деген сенімдемін», – деп аудан басшысы Арман Абдуллаев құттықтау сөздерін жеткізді.
Айта кетсек, «Елбасы медалі» қоғамның түрлі саласындағы 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға арналған байқау. Марапаттау жас ерекшелігіне қарай үш деңгейде: қола -46, күміс -1, ал, алтын 16 жастан бастап белгіленген. Жеңімпаздар «Спорт және дене шынықтыру», «Дарын мен дағды», «Еріктілік», «Туристік саяхаттар», «Кітап оқу», «Ұлттық мұра» және «Еңбек тәжірибесі» номинациясы бойынша марапатталды.
Бағдарламаның негізгі символы табыстың жеті жебесін білдіреді. Осы жеті бағыт бойынша бағдарламаны аяқтау жеке тұлғаның жан-жақты дамуына ықпал етеді. Бағыттарды атап өтетін болсақ: спорт және дене шынықтыру, кітап оқу, дарын мен дағды, ұлттық мұра, еріктілік, туристік саяхат және еңбек тәжірибесі.
Жобаның басты мақсаты – 14 пен 29 жас аралығындағы Қазақстан азаматтарының өзін жетілдіруге жаңа серпін беру. Даму жолында барынша қолдау көрсету. Жас ерекшелігі бойынша сай келетін, тұратын жері, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан кез келген адам қатыса алады. Бағдарлама бірінші кезекте қатысушының өзін-өзі жетілдіруден өтуін көздейді.
Челендж бағытында ұйымдастырлған бағдарламаны жүзеге асыру үшін еліміздің әрбір облысында өңірлік ресурс орталықтары және тәлімгер желісі құрылған. Бұл жобаның әрбір қатысушысына қажетті әдістемелік қолдау беру мақсатында жасалған.
Қатысушылар жеті бағыттағы кез келген саланы таңдап, өзін жетілдіру процесін бастай беруіне болады. Челенджге қатысатын жастар виртуалды әлемнен табысқа жетелейтін ортаға көшеді. Яғни, жастар бойындағы дарындары мен мүмкіндіктерін шыңдай түсуіне жағдай жасалып отыр.
«Елбасы медалі» жобасынан сәтті өткен жастарды патриоттығы мен ерекше ынта танытқаны үшін ерекше медалмен марапаттау көзделген. Көрсетілген нәтижеге байланысты қатысушылар алтын, күміс және қола медалмен марпатталады. Әр деңгейге қатысты талаптар қойылған. Қола деңгейге жету үшін – 6 ай, күміс деңгейге – 12 ай, алтын деңгейге жету үшін – 18 ай қажет. Осы уақытқа дейін жобаға қызығушылық танытып, өтініш білдірген жастардың саны 6 мыңнан асты.