Ордабасы аудандық Жастар сарайында білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Ақылдым – ғажап дос» атты кездесу өтті. Кездесуге Республикалық «Ақылдым» журналының редакторы Нарымбетова Бейсенкүл және ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Кеш аудандық мәдениет үйінің «Жас толқын» жасөспірімдер театрының «Сәулелі сезім» атты әсерлі көрінісімен басталып, балалардың көркем сөз оқуымен жалғасты.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Тұрмаханбетқызы аталған іс-шараны ашып, оқушыларға кездесудің маңыздылығын түсіндірді.
— Қазіргі таңда ғаламторға шырмалған жастар өте көп, соның әсерінен рухани ой-сананың әлсіреп бара жатқандығын көреміз. Балалар мен жасөспірімдер оқитын газет-журналдардың салмағы басым. Балалар журналы — өмір айнасы. Онда жазылған әрбір жаңалық, әрбір мақалалар сарапталып, өңделіп жарияланады. Көп оқитын мұғалім елден ерек, сөздік қоры мол, шешен, парасатты өзіндік ойы, көзқарасы бар, пайымы бөлек, сабақты жақсы өтетін, оқушымен жақсы тіл табыса алатын жан. Сондай ақ балаларымыз зерделі, парасатты, иманды, салиқалы білімді болсын десек кітап, газет, журнал көп оқытуымыз қажет, — деп оқушылардың өнерлеріне де алғысын білдіріп өтті.
Республикалық «Ақылдым» журналының редакторы Нарымбетова Бейсенкүл «Мен қандай адам боламын?» тақырыбында оқушылар жазған үздік эсселері, журнал беттеріне жарияланған суреттері мен өз шығармаларынан жарияланған өлеңдерін қорытындылап, үздіктерді Алғыс хатпен марапаттады.
Еске салсақ, осыған дейін журналдың редакторы өз сұхбатында былай деген болатын:
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқуға құштар мектеп» жобасы мектептерге үлкен серпіліс әкелді. Қазіргі мектепті осыдан төрт жыл бұрынғы білім беру ұйымдарымен салыстыруға болмайды. Оқуға деген ұмтылыс бар, сондықтан үміті оты өшпейді. «Ақылдымның» таралымы 400-ге дейін түсіп қалған кездері болды. Сондай кезде босқа шығын болдым-ау, жауып тастасам ба екен деп ойланып отырған сәттерде редакцияның поштасына бір оқушының жарқыраған суреті келіп жатады, талантты бала туралы ақпарат келіп түседі. Соларды көрген кезде қайтадан шабыттанып, құлшынып, балаларға қызмет ету керек қой деген оймен жалғастырып кетесің. Негізі бұл журнал таза өзіміздің табымысызға шығып жатыр. Өйткені, әр азаматтың қоғамға беретін бір дүниесі болу керек қой. Мен үнемі кітаптың өнімімін деп айтып жүремін, қазіргі жағдайыма жеткенім де сол кітап оқудың, бала кездегі газет-журналдардың арқасында дер едім. Сондықтан өзімді балалар алдында қарыздар санаймын. Журнал елге жақсы танылып қалған, мектептермен тікелей байланыстамыз. Тиражымыз мыңның ар жақ, бер жағында құбылып тұрады». Ендеше оқуға құштар оқушы саны арта берсін.