Осы аптада Түркістан облыстық полиция департаменті Жетісай ауданында өздерін блогер, журналист, заңгер ретінде таныстырып, жұртты қорқытып ақша алған төрт азаматтың сотталғанын жария еткен еді. Oinet.kz. сайтының тілшісі осы қылмыстық іс бойынша шығарылған үкіммен танысып, мәселенің мән-жайын білді.
Үкімді биыл 24 тамызда Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шығарған. Сотталушылардың барлығы да отбасылы. Бәрінің де жастары қырықтан асып кеткен, яғни ақыл тоқтатқан азаматтар. Сот үкіміне қарағанда, сотталушы М.Ашимов 2019 жылдың қаңтар — қазан айларының аралағында Жетісай, Мақтарал аудандарының аумағында қорқытып алушылық, яғни жәбірленушілердің мүдделеріне елеулі зиян келтіру өзге де мәліметтерді тарату қатерін төндіріп, бөтеннің мүлкін қылмыстық топ болып талап ету және қылмыстық топпен алаяқтық жасау, бөтенін мүлкін жымқыру мақсатында ұйымдасқан топ құрған. Оған басшылық етіп, топқа сотталушылар У.Жунисбековты, М.Лесбаевты, С.Мирзамуратовты қатыстырған.
Үкімде осы қылмыстық топтың қорқытып алушылық, алаяқтық әрекеттеріне қатысты 13 эпизод келтірілген. Ұйымдаскан топ қылмыстық әрекеттерін бүркемелеп, сондай-ақ «заңды» екенін көрсету үшін формальды түрде «Түркістан-2030» қоғамдық бірлестігін ашады. М.Ашимов Жетісай ауданы Асықата кентінде жалға баспана алып, ішін жиһазбен жабдықтап, өзін қоғамдық бірлестіктің атқарушы директор етіп тағайындаған. У.Жунисбековты төраға, М.Лесбаев ревизия комиссиясы, С.Мирзамуратов оператор қызметтерін иемденген. Ұйымдасқан топ «Түркістан-2030» қоғамдық бірлестігінің атын жамылып, «Защита прав потребителей», «Түркістан 2030 по борьбе с коррупцией», «Содействие Департамента по борьбе с коррупцией», «СМИ /средства массовой информаций/», «Закон и правосудие», «Информационно прававой портал», «Проводим политику президента РК» деген қызыл түсті жалған қызметтік куәліктерді және «Түркістан 2030» Қоғамдық бірлестігі», «Түркістан-2030» «Тұтынушылар құқын қорғаушылар» деген визиткаларды жасаған. Айта кетері, мұның бәрі де олардың қызметтерін қамтамасыз ету үшін қажет болған. Сотталушылардың ешқайсысы да журналистік, заңгерлік немесе блогерлік қызметтермен айналыспаған.
Осылайша бақайшағына дейін «қаруланған» топ былтыр наурызда Гүлістан елді мекенінде емшілікпен айналысатын азаматшаны бопсаламақ болған. Өздерін «Түркістан 2030» қоғамдық бірлестігінің өкілдеріміз деп таныстырған төртеу азаматшадан емшілікпен айналысуға арнайы лицензиясын сұраған. Лицензияның жоқ екендігіне көзі жеткен соң М.Ашимов емшіден:
— Сіздің алаяқтық жасағаныңыз үшін қылмыстық жауапкершілікке тартқызамыз, егерде бізді тыныш қойып, үндемей кетсін десең, 150 мың теңге ақша бересің,- деп қорқытқан. Алайда емші сұраған ақшаны тауып бере алмаған. Осыдан кейін төрт бопсалаушы полиция шақырып, емшінің үстінен арыз жазып берген. Осы наурыз айында қылмыстық топ мүшелері Атакенттегі бір букмекерлік кеңсеге келіп, жалған қызметтік куәлік көрсетіп, қызметкерлерін:
— Шеше аласыңба, шеш, шеше алмасаң үстеріңнен арыз жазып жаптырып тастаймыз, ойынхана жұмыс істеу үшін бізге ақша беру керексің,- деп қорқытқан. Алайда, қызметкерлер букмекерлік кеңсенің құжаттарының дұрыс екенін айтады. Ешқандай ақша берілмейтінін түсінген топ мүшелері кеңсеге полиция қызметкерлерін шақырып, арыз жазып берген.
Топ мүшелері тоғайдан шым, құм алып, сатып жүрген азаматтарды да қорқытқан. Кейбір азаматтар қорыққандықтан топ мүшелеріне ақша берген. Ақша бергендердің арасында базарда ет сатып жүрген саудагерлер де болған. Сотталушылар мұндай ұсақ кәсіпкерлерден ақшаны ай сайын тұрақты түрде беріп отыруды талап еткен.
2019 жылдың шілде айында топ мүшелері Мақтарал ауданы, Достық ауылдық окруі Қалшораев елді мекенінде мектеп құрылысын жүргізіп жатқан мердігер компания басшыларын да бопсаламақ болған. Олар нысанды бейне камераға түсіріп, құжаттарын тексеріп, сапасыз құрылыс жұмыстарын әлеуметтік желіге шығарамыз деп қорқытып, 500 мың теңге талап еткен. Алайда компания басшылары сұраған ақшаны беруден бас тартқан.
2019 жылдың маусым айында Жетісай қаласында орналасқан №15 кәсіптік колледждің бір қызметкері директордың үстінен арыз жазып, «Түркістан-2030» қоғамық бірлестігінен көмек сұраған. М.Лесбаев пен С.Мирзамуратов аталған оқу орнын бейне камераға түсіріп, колледждің директорына: -Біз мына арызды жоғары жаққа, Білім Департаментіне, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросына жазып, сені қудалаймыз, бізді тыныш қойсын десең айтқанымызға көніп жолығасың, -деген. Екі күн өткен соң директор қоғамдық бірлестіктің кеңсесіне келеді. Топ мүшелері одан 1 миллион теңге талап еткен. Директор алғашқыда 600 мың теңге берген. Алайда топ мүшелері тыныш қоймаған соң директор сиырын сатып, тағы 200 мың теңге беруге мәжбүр болған.
Айта кетері, сотта директор тергеуде берген жауаптарынан бас тартып, топ мүшелеріне ақшаны арызданушы қызметкерімен татуластырғаны үшін өз еркімен берген мәлім еткен. Алайда сот оның бұл сөздеріне сын көзбен қарап, «куәгер жауапты сотталушыларды жазадан құтқару үшін әдейі беріп отыр» деп тапқан.
Сотталушы М.Ашимов жұртты алдап ақша алудың да шебері болған сияқты. Ол бір азаматшаны ауруханаға немесе бала-бақшаға жұмысқа орнатып беремін деп, 300 мың теңге алған. Алайда уәдесін орындамай, алдап кеткен. Сонымен қатар, ол әлгі азаматшаның «кеңсеге жиһаз алуым керек» деген желеумен 65 мың теңгесін алып, қайтармаған. Ашимов 2019 жылдың шілде айында «Түркістан-2030» қоғамдық бірлестігінің кеңсесіне жергілікті бір азаматшаны шақырып алып, -Кез келген мекеменің есігін теуіп кіремін, мемлекеттен алты балаңа 21 мың теңгеден көп мөлшерде ақша шығарып беремін,- деп, алдап, одан 50 мың теңге және құны 12 мың теңге тұратын бір қап балығын алады. Алайда уәдесін орындамай кеткен.
Сот үкімімен қылмыстық топтың басты ұйымдастырушысы Мұхтар Ашимов 10 жылға, қалған үшеуі 8 жылдан бас бостандықтарынан айырылды.