«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы Шымкенттегі «Су ресурстары-маркетингі» мекемесінде де сәтті жүзеге асырылған. Елді мекендердің ішкі орам көшелеріндегі құбырлардың жағдайын, судың қысымын қашықтан бақылайтын 1063 дана LPWAN және LoRaWAN құрылғылары орнатылыпты.
–Халыққа жеткізіліп жатқан ауыз су зарарсыздандырудан кейін санитарлық-экологиялық талаптарға толық сәйкес келеді. Суды өндірістік бақылау ҚР ДСМ 20.02.2023 жылғы №26 санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сәйкес, күнделікті қаладағы 111 бақылау нүктесінен сынама алынып, зертханалық талдау бөлімінде судың құрамына 44 түрлі (жалпы физикалық-химиялық, органолептикалық, бактериологиялық және паразитологиялық, радиологиялық, органикалық және басқа су параметрлері) талдау жүргізіледі. Зертханалық талдау нәтижесі талапқа сай келмесе, сынама алынған орында су беруді уақытша тоқтатып, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Жалпы, тұрғындар тұтынатын ауыз судың сапасы қатаң бақылауға алынған.
Сумен жабдықтау және су жүйелеріне салынған инвестициялардың нәтижесі көңіл көншітерлік. Жаңа жобаларды жүзеге асыруға дейінгі техникалық шығындар табыстың 38,1 пайызды құраса, бүгінде 17,52 пайызға төмендеген. Бір текше метр суды өндіруде 0,87 кВт электр энергиясы жұмсалудың орнын цифрландыру жүйелері 0,6 кВт-қа төмендеткен. Заманауи жабдықтар бір адамға судың тәулік бойы тұтынудың орташа көрсеткішіне де әсер етіпті. Мәселен, 15 жыл бұрын бір адамға тәулігіне 456 литр су жұмсалса, бүгінде бұл 125 литрге төмендеп отыр. Су құбырларының тозу деңгейіне де инвестициялық жобалар оң нәтижесін берген. Қаладағы су жеткізетін құбырлардың тозуы 68 пайыздан 49-ға төмендепті. Биогаз арқылы электр энергиясын өндірісін де тіпті жаңалық деп айтуға болады. Қазіргі таңда мекеме тұтынатын электрдің 70 пайызын, құбырларды тазарту кезінде жұмсалатын электр энергияның 95 пайызы осы биогаздан өндіріп отыр. Ал, кәріз жүйелерінің бітелу, тозу секілді апатты деңгейі 6 пайыздан 2,4-ке түскен.
Еліміздің өзге өңір мен қалаларында су мен кәріз шаруашылығында қызмет ететін мамандарды салыстырғанда жер мен көктей айырмашылықты көреміз. Алматы қаласында 2 млн-нан астам халыққа 4500 су шаруашылық маманы қызмет етеді. Астанада 1,3 млн тұрғынға 1984, Қарағанды қаласында 500 мыңнан астам халыққа 1819 су шаруашылығының қызметкерлері қызмет көрсетеді. Шымкентте 1,1 млн тұрғынға небәрі 1025 адам қызмет көрсетіп жатыр. Мұндай жетістікке заманауи технологияны, цифрландыру жүйесін тиімді қолданудың арқасында жетіп жатырмыз. Қаламыздағы тұтынушылардың 70,6 пайыздан астамы бір адамға айына 268 теңгеден төлейді. Бұл халықтың жан басына шаққандағы ақшалай табысының 0,19 пайызын құрайды, -деді «Су ресурстары-Маркетинг» мекемесінің бас директоры А.Орман.
«Су ресурстары-Маркетинг» мекемесі еліміздегі сумен жабдықтау және су бұру бойынша ең ірі қазақстандық оператор болғандықтан өзге өңірлер мен көрші елдерден тәжірибе үйренуге мамандар жиі келеді екен. Ал, мекеменің 2023-2026 жылға дейінгі жоспарлары айқын. Оңың ішінде 13,7 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл қаржыға биогаз және табиғи газ негізінде жылына 5,0 млн.кВт электр энергиясын өндіру, 41,3 шақырым су құбыры мен 5,6 шақырым кәріз желілерін қайта құру, «Ақылды есептегіштерді» орната отырып, заңды тұлғалардың суды есепке алуды толық автоматтандыру, су құбырының тозу дәрежесін 46,6 пайызға және кәріздің тозуын 76,9 пайызға дейін төмендету жоспарларын жүзеге асырмақ.