Төлеби аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі әдістемелік кабинетінің жоспарына сәйкес, «Балбұлақ» бөбекжай-балабақшасында «Ойын – өмір мектебі» тақырыбында мектепке дейінгі ұйымдар педагогтарының аудандық семинары өтті.
Аталмыш семинарға ауданымыздағы 25 мемлекеттік және 29 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымның, сондай-ақ 11 шағын орталықтың педагогтары қатысты.
Семинар аталған бөбекжай-балабақша тәрбиеленушілерінің орындауындағы тартымды музыкалық-хореографиялық композициямен басталды. Педагогтар Ж.Измаханова, И.Ковылова, М.Климова, А.Балабек, М.Егай, Р.Ақылбекова мектеп жасына дейінгі балаларға ойын арқылы білім мен тәрбие берудің тиімділігін іс жүзінде көрсетті. Психолог әрі логопед Н.Енсепова ұйымдастырған тренинг пен ойынға да семинар қатысушылары ерекше қызығушылық танытты.
Мектепке дейінгі тәрбие — барлық тәрбиенің бастамасы. Ал, баланың жан — жақты дамуы үшін ойынның рөлі ерекше. Ойын барысында балалардың айналадағы дүние жайында мағлұматтары кеңейіп, жауапкершілігі артады. Ойын — өсіп келе жатқан бала организмінің қажеті. Ойында баланың дене күші артады, қолы қатайып, денесі шыңдала түседі, көзі қырағыланады, зеректілігі, тапқырлығы, ынтасы артып, жетіле түседі.
Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл – әрекеті — ойын. Қазақтың ойшыл ақыны Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» — деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады.Ойын – мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті. Сұлтанмахмұт Торайғыров «Балалықтың қанына ойын азық» деп бекер айтпаған. Өйткені, ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады.
«Балаға керегі – ойын. Ең мағыналы пайдалы мектебі, бар қызығы – ойын. Ойында бала көрген–білгенін екшейді, үйренгенін нығайтып бекітеді». Бала тәрбиесі әр уақытта үлкен мәселе болып саналады. Әрбір қоғамның дамуына байланысты бұл мәселе әрқалай шешіліп отырған. Қазіргі жаңару кезеңінде біздің қоғамымыздың ілгерілеу процесінде адам факторы және оны жандандыру, ел өмірінің барлық жақтарын жаңарту бала тәрбиесінің мәні мен оның проблемаларын күрделендіріп отыр. Осыған байланысты тәрбие берудің тиімділігі мен сапасын арттырудың негізгі бағыты – барлық тәрбиелік істе әрбір баланы жеке тұлға деп танып біліп, жан-жақты қалыптастыру.
Соңында «Балбұлақ» бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушілері педагогтардың назарына қызықты концерттік бағдарлама ұсынды. Ойдағыдай өткен семинарды аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Б.Тойлыбаев, осы бөлімнің әдіскері Б.Әбдіқадыр және «Балбұлақ» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі А.Жақсымағамбетова қорытындылады. Семинарда тәжірибесімен бөліскен педагогтарға алғыс айтылды.




