Төлеби ауданының Кемеқалған ауылдық округіне қарасты Қаратөбе ауылындағы негізгі орта мектептің жаңа ғимаратының қазығы қағылды. Жаңа мектептің құрылысы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүргізілмек. Мектептің жаңа ғимараты 200 оқушыға арналып салынбақ.
Жаңа ғимараттың қазығын қағу рәсіміне Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекайдар Тойлыбаев, мектептің құрылысын жүргізетін кәсіпкер Гауһар Қаламбаева, басқа да азаматтар қатысты. Гауһар ханымға жаңа мектеп салынатын жердің құжаты табыс етілді.
Айта кетсек, Ұлттық жоба аясындағы өңірде 2024-2025 жылдары жалпы 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 және 2500 оқушы орнына арналған екі ауысымды мектептер салынады. Ұлттық жобаны жүзеге асыру барысында іс-шаралардың ашықтығы мен қоғамдық бақылауға ерекше көңіл бөлінеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының қолға алынатынын жария еткен еді. Осылайша 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешіп, ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтылады.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды құрылысқа дайындық жұмысын күшейту бойынша бірқатар тапсырма берді. Ол «Жайлы мектеп» жобасын тұрақты бақылауда ұстау маңызды екенін атап өтті.
— Мемлекет басшысының жайлы мектептер салу жөніндегі игі бастамасын жүйелі жүзеге асыруымыз керек. Халық тығыз орналасқан және бала саны бойынша көш бастап тұрған біздің өңір үшін бұл аса маңызды жоба. Біздің балаларымыз заманауи мектепте білім алуға толық құқылы. Бұл істе аса жауапкершілік пен жанашырлық қажет. Қағазбастылықтан арылып, жұмысты ширату керек,-деді облыс әкімі.
Жайлы мектептердің басты ерекшелігі, олар бірыңғай стандарттар бойынша жобаланады. Яғни, ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін де қолайлы жағдай қарастырылады. Зәулім мектептер заманауи интерьер бойынша жобаланып, безендіру талғамға сай болады.