Елімізде «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында мемлекеттен берілетін қайтарымсыз 5 млн-ға дейінгі грант талай кәсіпкердің кәсібін дөңгелетуге себеп болып отыр. Ұлттық жоба шеңберінде жаңа инновациялық жобаларды іске асыруға арналған грантты ұтып алған шымкенттік кәсіпкерлер көп.
Былтыр 5 млн теңге грант ұтқандардың бірі – «AGRO TOP» компаниясы. Бұл жерде өсімдіктерді биоқорғау өнімдерін шығарады. Яғни, зиянкестерді жоятын жәндіктер өсіреді. Жеті жылдан бері тыңайтқыштар мен шаруашылыққа қажетті заттарды шет елден алдыртып, сатумен айналысып келген компания былтыр осы энтомофаг шығару жобасымен грант ұтқан болатын. Бүгінде компания Қазақстан бойынша жылыжайлар мен егістіктерді зиянкестерді жоятын жәндіктермен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар өнімдерін Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне экспортқа да шығарады.
– Шет елден тауар алдыртып, сату бәрінің қолынан келеді. Дегенмен еліміз өсіп, өркендеуі үшін тауардың өзімізден шыққаны дұрыс. Әсіресе биоөнімдер шет елден келемін дегенше сапасын жоғалтады. Сондықтан өзіміз өндірейік деп шештік. Бүгінгі таңда Қазақстандағы бірінші энтомофаг шығаратын өндіріспіз, – дейді компания басшысы Мухаммадали Артукходжаев.Бұл жерден жылыжайға ғана емес жалпы өсімдіктерге биоқорғау жәндіктері мен дәрі-дәрмек, қораңызға еккен жеміс талдар мен көкөніс көшеттеріне де пайдалы дәрілер, тыңайтқыштар алуға болады. Әр зиянкестің өз энтомофагі бар. Мұндағы қызметкерлер кез келген тұтынушының іздегенін тауып береді. Кез-келген сұрағыңызға түрлі-түсті кітапшаларын ұсынып, сатушы мамандары сауатты жауап беріп отырған компанияның жұмысының жолға қойылғанын, болашағының зор екенін түсіндік.
– Көптеген елдер өсімдік қорғауда экологиялық таза технологияларға белсенді түрде өтіп жатса, ал Қазақстанда керісінше, өсімдікті зиянкестерден қорғау – бұл тек улы химикаттармен (пестицидтермен) өңдеу ғана деген ұғым қалыптасқан. Осы тұрғыда биологиялық әдісті мақта, көкөніс, жеміс-жидек, жылыжай шаруашылықтары дамыған өңірлерде өркендету қажет. Болашақта жылыжай көлемі жүздеген гектарға жететін болады. Аталмыш дақылдардың көбі, әсіресе көкөніс, жеміс-жидек өнімдері өңделмей, пісірілмей тікелей қолданылатындықтан, зиянкестерден қорғау жұмысын жүргізгенде негізгі тәсіл биологиялық тәсіл болуы керек. Адамдардың пестицидтермен улануынан, қоршаған ортаның ластануынан сақтау үшін биологиялық тәсіл химиялық тәсілден басымырақ болуы заңды, – дейді компания маманы Несібе Қалматаева.
Мемлекеттен бөлінген қайтарымсыз қаржы қаладағы талай кәсіпкердің жұмысына серпін беріп отыр. Қазіргі таңда Шымкентте қайтарымсыз грантқа құжат қабылдау жүріп жатыр.
usen– Қайтарымсыз қаражат мамыр айынан беріле бастайды. Грантқа құжаттар қабылдау жалғасуда. Қаржылай қолдау алған соң жоспарға сай пайдалану қажет. Басты талап – осы. Мемлекет тарапынан қайтарымсыз көмек алғандар қатарында заң бұзушылық жағдайлар да орын алды. Мемлекеттік қолдауды мақсатсыз пайдаланғандардың қаржысы сот арқылы қайтарылады. Бүгінде 38 адам қаржысын қайтарып жатыр, – дейді Шымкент қаласының кәсіпкерік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының жеке кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бөлімінің басшысы Үсен Исаев.
Айта кетейік, мегаполисте 2019 жылдан бері жаңа бизнес-идеясын қорғаған 170 адам қайтарымсыз қаржыға ие болған. Жалпы кәсібін бастап, бизнесін дамытамын деушілерге 4 жылда 700 млн теңге бөлінген. Жобаға қатысу үшін инновациялық бизнес болу керек. Десек те әлеуметтік осал топқа жататын азаматтардан инновация талап етілмейді. Сонымен қатар жоба қараларда осал топтарға басымдық беріледі.