Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,
«Nur Otan» партиясының праймеризіне Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттығына үміткер ретінде тіркелген қатысушы, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті Ғылым департаменті Ғылыми-әдістемелік және патенттік-лицензиялық бөлімінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты (PhD), қауымдастырылған профессор (of Associate Professor)
Қымбатты Қызылжар өңіріндегі ағайын-бауырлар!
Қадірлі жерлестер!
Менің аты-жөнім – Мырзантай Қожабайұлы Жақып.
Мен – «Nur Otan» партиясының белсенді мүшелерінің бірімін.
Қазіргі кезде Петропавл қаласындағы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Ғылым департаментіне қарасты Ғылыми-әдістемелік және патенттік-лицензиялық бөлімінің жетекшісі болып қызмет істеймін.
Ең алдымен өзімнің өмірбаяныммен қысқаша таныстырып өтуге рұқсат етіңіздер.
Мен 1965 жылдың 15 мамырында бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысының Мақтаарал ауданына қарасты Абай атындағы колхоздың «Тегістік» ауылында дүниеге келдім.
Еліміздің ең қиыр Оңтүстігіндегі Мырзашөл өңірінде орналасқан Мақтаарал ауданына қарасты бұрынғы Абай атындағы колхоздың орталығындағы Жамбыл атындағы орта мектепті 1982 жылы үздік бітірдім.
Екі жоғары білімім бар.
Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетін бітірдім. Негізгі мамандығым – журналист.
Қазіргі жедел өзгеріп, көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан ақпараттық қоғамның талаптарына сай болу үшін екінші жоғары білім алдым.
2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетіне қысқартылған білім беру бағдарламасы бойынша оқуға түсіп, биыл – 2020 жылы «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша экономика және бизнес бакалавры деген дәреже алдым.
Еңбек жолымды 1987 жылы Алматы облысының Бақанас ауылында Балқаш аудандық «Балқаш еңбеккері» газетінің тілшісі болып бастадым.
1988-1994 жылдары Балқаш аудандық «Балқаш еңбеккері» газеті редакторының орынбасары, Қазақстан Компартиясы Балқаш аудандық комитетінің нұсқаушысы, Республикалық «Зерде» ғылыми журналы, «Ана тілі», «Жас Алаш» газеттерінің редакцияларында бөлім меңгерушісі, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші болып қызмет істедім.
Білім және ғылым саласында 1994 жылдан бері, яғни 26 жыл қызмет істеп келе жатырмын.
1994-1998 жылдары Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Редакциялық-баспа бөлімінің меңгерушісі, аға оқытушысы болып қызмет істедім.
1997 жылғы 29 қазанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы «Журналистика» мамандығы бойынша Диссертациялық кеңесінде «Туркестанские ведомости» газетінде патшалық Ресейдің Мырзашөлді отарлау саясатының жазылуы (1870-1917 жылдар)» атты тақырыпта диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты (PhD) ғылыми дәрежесін алдым.
1997 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «1998 жылды Халық бiрлiгi мен ұлттық тарих жылы деп жариялау туралы» Жарлығы жарық көргені белгілі.
1998 жылдың 1 қарашасында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекетіміздің қиыр оңтүстігіндегі сол кездегі ірілендірілген Мақтаарал ауданының орталығы – Жетісай қаласына жасаған ресми іссапары кезінде менің «Мырзашөлім – мырза елім» атты монографияммен тікелей өзі арнайы танысып, кітаптың ғылыми мазмұнын оң бағалауы – өзім үшін үлкен мақтаныш және ерекше мәртебе деп білемін.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Жоғары аттестациялық комитетінің 2002 жылғы 20 қыркүйектегі шешімімен «Әдебиеттану» мамандығы бойынша қауымдастырылған профессор (of Associate Professor) ғылыми атағын алдым.
1998-2006 жылдары Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық академиясында «Филология» кафедрасының аға оқытушысы, кафедра меңгерушісі, «Журналистика және педагогикалық пәндер» кафедрасының меңгерушісі, ғылым, оқу және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры, Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университетінде «Филология» кафедрасының меңгерушісі, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры болып жұмыс атқардым.
2006-2010 жылдар аралығында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Практикалық қазақ тілі» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Ғылыми-зерттеу басқармасының сектор меңгерушісі болдым.
2010 жылдың қыркүйегінен – 2020 жылдың 31 тамызына дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының қауымдастырылған профессоры болып қызмет істедім.
Ал 2020 жылғы 01 қыркүйектен бастап Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті басшыларының арнайы шақыруымен осы жоғары оқу орнындағы Ғылым департаментіне қарасты Ғылыми-әдістемелік және патенттік-лицензиялық бөлімінің жетекшісі болып жұмысқа кірістім.
«Nur Otan» партиясының Ғылымды қолдау мен дамытуға бағытталған іс-шараларды жетілдіру мәселелері бойынша жұмыс тобының мүшесі ретінде білім және ғылым салаларына сараптама жасауға белсене қатысып келемін.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орындарын мемлекеттік аттестаттау комиссиясының жұмысына бірнеше рет белсене қатыстым.
Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен жаңа әлеуметтік бастамаларды ілгерілету бойынша ғылыми-ағартушылық жобаларының жоспарын құру және талқылау бойынша жұмыс тобының мүшесі болдым.
Көп уақыттан бері жұмыс күші артық өңірлерден шыққан жастарға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік білім беруге және оларды жұмыс күші тапшы өңірлерге жұмысқа орналастыруға бағытталған «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы бойынша Түркістан облысына қарасты халық тығыз және ең көп қоныстанған Мырзашөл өңіріндегі мектептер мен колледждерді бітіруші талапкерлер арасында кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізіп келе жатырмын.
Сонымен бірге 2019 жылғы қараша айында Петропавл, Павлодар, Қостанай, Өскемен, Семей және басқа да қалаларға арнайы іссапармен барып, еліміздің Солтүстік және Шығыс өңірлеріндегі жоғары оқу орындарында «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы бойынша білім алып жүрген Оңтүстік өңірінен келген студент-жастармен және көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалармен кездесулер өткіздім.
Бұл кездесулерде «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы шеңберінде кадрлар даярлау бойынша жұмыс күші артық 6 өңірдің: Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарының және Шымкент қалаларының түлектері оқуды аяқтағаннан кейін өздері оқыған Солтүстік өңірінде кемінде үш жыл жұмыс істеуі қажет екені, бұл ретте олардың «Еңбек» бағдарламасының шеңберінде оқыған жері бойынша еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шараларына қатысуға құқығы бар екенін жан-жақты түсіндірдім.
Биылғы 2020 жылдың көктем және жаз айларында да волонтер-ерікті ретінде «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы бойынша Оңтүстік өңірінің түлектеріне арнап Петропавл қаласындағы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, сонымен бірге Солтүстік Қазақстан облысы және Петропавл қаласы туралы жан-жақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіздім.
Биыл, яғни 2020 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының» өңіраралық қоныс аудару бағыты бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласына ерікті түрде қоныс аударып, көшіп келдім.
Менің негізгі мақсатым:
— еліміздің тарихи Қызылжар өңірін әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени дамытуға өзімнің азаматтық үлесімді қосу;
— жұмыс күші артық өңірлерден шыққан және Солтүстік өңірде оқып жүрген жастарға сапалы білім, тәлім-тәрбие беру және оларды жұмыс күші тапшы өңірлерге жұмысқа орналастыру бағытындағы жұмыстарды алдағы уақыттарда да одан әрі жүргізу.
Осындай ізгі ниетпен 2020 жылғы 17 тамызда «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысу үшін «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн өтініш жолдаған едім.
Өтінішім № 1594 болып тіркелді.
2020 жылғы 20 тамызда өтінішімді растау және тіркелу рәсімін өту үшін тұрғын мекенжайым бойынша «Nur Otan» партиясының Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қалалық филиалындағы аумақтық ұйымдастыру комитетіне барып, ізгі ниетімді ресми түрде растадым.
«Nur Otan» праймеризінде Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттығына үміткер ретінде ұсынылатын партиялық квотаға қосылу үшін бақ сынап көрудегі негізгі мақсатым:
– Елбасымыздың 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының «Ерікті қоныс аударуға жәрдемдесу» бастамасын жүзеге асыруға, яғни азаматтардың жұмыс күші артық облыстардан кадрлар жетіспеушілігі байқалатын облыстарға ерікті қоныс аударуына көмектесу арқылы еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығын ынталандыруға;
– Зиялы қауым өкілінің бірі ретінде Елбасымыздың қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұсыныстарын Солтүстік Қазақстан облысында жүзеге асыруға;
– «Nur Otan» партиясының белсенді мүшесі ретінде Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласын білімді, отансүйгіш, елі мен халқына жанашыр жастардың Ордасына айналдыруға үлес қосу!
2020 жылғы 05 қыркүйекте «Nur Otan» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық және Петропавл қалалық филиалдары ұйымдастырған осынау партияішілік іріктеу бәйгесінің қарсаңындағы жүздесуге қатыстым.
Қазіргі кезде «Nur Otan» партиясының Солтүстік Қазақстан облысы және Петропавл қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасының жобасы негізінде өзімнің Сайлауалды бағдарламамның жобасын дайындадым.
Сіздердің назарларыңызға осы Сайлауалды бағдарламамды ұсынбас бұрын, ең алдымен өзімді Солтүстік Қазақстан облысы мен Петропавл қаласының жұртшылығына жан-жақты таныстырғанды жөн көрдім.
Өздеріңізге арналған бүгінгі сөзімді түйіндей келе, өзімнің «Nur Otan» партиясының мүшесі және кандидаттарды алдын ала партияішілік іріктеу бәйгесіне қатысушы үміткер ретіндегі Сайлауалды бағдарламамның негізгі қағидаларымен қысқаша таныстыруға рұқсат етіңіздер.
Менің Сайлауалды бағдарламамның негізгі тұжырымдамалары мен бағыт-бағдары мынадай болады:
1) Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласына отансүйгіш, туған жеріне шын жанашыр, талантты адамдарды тартуымыз қажет.
Яғни Елбасымыз, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кезінде Целиноград деп аталған өңірлік қаланың орнында қазіргі келбетіне көз тоймайтын заманауи Елордамыз – Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласын тұрғызған тамаша үлгі-тәжірибесін пайдалана отырып, Петропавл қаласын қазіргі көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан жедел ақпараттық-технологиялық даму үрдісіндегі, жаңаша түлеген көрнекті қала – шырайлы шаһарға айналдыруға тиіспіз.
Осы сәтті пайдаланып, әртүрлі себептермен басқа жаққа көшіп кеткен, Қызылжар өңірінде туып-өскен жоғары білікті, озық ойлы жерлестерімізді, сонымен бірге Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, басқа облыстарда тұратын білім-ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет пен өнер және басқа да салалардағы зиялы қауым өкілдерін Петропавл қаласына қоныс аударып, Солтүстік Қазақстанды бірге дамытып, өркендетуге үлес қосуға шақырамын.
Әрине, ол үшін Елбасымыздың Елордамыз – кешегі Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласына көрнекті зиялы қауым өкілдерін арнайы шақырып, қоныстандыру мақсатында жүзеге асырған үздік жобаларын үлгі ретінде ала отырып, Үкіметіміз Петропавл қаласына ерікті түрде қоныс аударғысы келетін талантты жерлестерімізге қажетті барлық әлеуметтік жағдайларды жасап, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін оң шешіп берудің жолдарын қарастырғаны жөн болар еді.
2) Петропавл қаласын заманауи ғылыми-білім беру орталығына айналдыруымыз қажет.
Осы мақсатта Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті қатардағы өңірлік университеттердің бірі болмауы керек деген ізгі тілекпен жоғары оқу орнымыздың негізінде Петропавл қаласында халықаралық мәртебедегі жаңа университет ашуды ұсынамын.
Бәрімізге белгілі, осыдан 20 жыл бұрын Елбасымыз, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Елордамызда М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалын ашу туралы идея айтып, сол бастамасын тікелей өзі жүзеге асырғанын көріп отырмыз.
Елбасымыздың өз сөзімен айтсақ, бұл университеттің әлемдік ғылым мен білімдегі тұғыры нығая түсті, қазіргі уақытта оның түлектері Қазақстанның экономикасында, ғылымында және басқа бағыттарында табысты еңбек етіп жүр.
Дәл сол секілді Елбасымыз өзінің Жарлығымен 1991 жылы Түркістан қаласында ашқан мемлекеттік университетке 1992 жылы 1 мамырда «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Түркия Республикасының сол кездегі Премьер-Министрі Сүлеймен Демирелдің келісімі нәтижесінде Халықаралық университет мәртебесі берілгені есімізде.
Бүгінде алғашқы кірпішін Елбасымыз өз қолымен қалап, тұрғызып берген Түркістандағы жоғары оқу орны бүгінде түркі тілдес мемлекеттер арасында халықаралық мәртебеге ие болып, түркі әлемі жастарының басын біріктірген тұңғыш білім және ғылым ордасы ретінде ерекше қарқынмен дамып отыр.
Ендеше, біз де Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалының және түркі əлемінің мəдени-рухани орталығы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің үлгісін Қызылжар өңірінде басшылыққа алуымызға болады.
Нақты айтсақ, Елбасымыз көрсетіп берген үлгі-өнеге бойынша біздің Үкіметіміз Ресей Федерациясының және Түрік Республикасының Үкіметтерімен үшжақты арнайы келісім жасай отырып, таяу уақытта Петропавл қаласында «QYZYLJAR» Халықаралық университетін құру ісін жедел түрде қолға алғаны жөн.
Осылайша, Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласын қазіргі заманғы өркениеттің және жас ұрпақ үшін ғылыми-білім берудің орталығына айналдыруға және еліміздің «Солтүстік қақпасы» болып саналатын Қызылжар өңірінің экономикасын кеңінен дамытып, өркендетуге кеңінен жол ашылар еді.
Шын мәнінде, Петропавл қаласында «QYZYLJAR» Халықаралық университетін құрудың еліміз үшін ерекше саяси-стратегиялық мәні мен маңызы бар екені сөзсіз.
Біздің бұл ұсынысымыз мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталатын Жолдауында айтылған: «Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аумақтарында 30 миллионға жуық адам тұрады. Миллионнан астам тұрғыны бар бірнеше қала орналасқан. Отандық тауарларды сату және инвестиция тарту үшін Ресей билігінің өкілдерімен және мекемелерімен тығыз қарым-қатынас орнату – еліміздің шекара маңын дамытудың аса маңызды факторы», — деген тұжырымдамасымен де тығыз үндеседі деп үміттенеміз.
Егер біздің осы ұсынысымыз қолдау тауып, жүзеге асырылатын болса, алдымыздағы таяу келешекте «QYZYLJAR» Халықаралық университетін Қызылжар өңірінің, яғни Солтүстік Қазақстан облысының ғана емес, Қазақстанның тұтас Теріскей аймағының айрықша имидждік брендіне айналдыра алар едік!
Қымбатты Қызылжар өңіріндегі ағайын-бауырлар!
Қадірлі жерлестер!
— Елбасымыздың 2018 жылғы 15 ақпандағы Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында» өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру керектігі айқын атап көрсетілген.
Осы бөлімде былай деп жазылған:
«Өңірлердің бәсекеге қабілетін арттыру үшін оларға жергілікті жерлерде әлеуметтік-экономикалық саясатты қалыптастыру мен іске асыру және бизнесті қолдау шараларын таңдау, инвестициялар тарту, жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу және инфрақұрылымды дамыту, жергілікті жерлерде кадрлар ресурсын басқару бойынша өкілеттіктерді беру есебінен өңірлердің экономикалық дербестігі мен жауаптылығын арттыру қажет».
Егер Сіздер маған қолдау көрсетсеңіздер, егер Сіздердің таңдауларыңыз бойынша «Nur Otan» партиясының осы праймеризінде жеңіске жетіп, партиялық квотаға қосылып, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттығына үміткер ретінде ұсынылып жатсам, жоғарыдағы негізгі мәселелермен бірге:
— Елбасымыз бекіткен жоғарыдағы Стратегиялық даму жоспарында көрсетілген XXI ғасырдың жоғары сапалы және қажетті дағдыларға ие адами капиталды дамыту;
— жаңа экономиканың кадрларға сұранысы мен кадрларды даярлау жүйесін бір-бірімен үндестіру;
— жұмыс күші артық облыстардың білікті мамандарына жұмыс күші жетіспейтін облыстарға ерікті қоныс аударуына жәрдемдесу;
— жұмыс күші артық өңірлерден шыққан жастарға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік білім беруге және оларды жұмыс күші тапшы өңірлерге жұмысқа орналастыруға бағытталған «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасын одан әрі дамытып, жалғастыру;
— талантты жастарды Қызылжар өңіріне шақыру мақсатында арнайы жоба жасап, оны қазіргі Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында жүзеге асыру;
— мемлекеттік тілде зерттеулер жүргізетін гуманитарлық бағыттағы ғалымдарға қолдау көрсету;
— азаматтық қоғамның мемлекетті басқаруға қатысу жүйесін жетілдіру мақсатында білім саласындағы үкіметтік емес ұйымдарға берілетін мемлекеттік тапсырыс, гранттар мен сыйлықақылардың тақырыптары мен мөлшерін көбейту және тағы да басқа көптеген өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын нақты ұсынуды жоспарлап отырмын.
Қымбатты Қызылжар өңіріндегі ағайын-бауырлар!
Қадірлі жерлестер!
«Nur Otan» партиясы доктринасының «Зияткер ұлт» атты бөлімінде былай деп жазылған:
«Жаңа білім мен серпінді технологияларды тың идеялар мен білімді бойға сіңіруге дайын тұратын, сыни тұрғыдан және жасампаздық ыңғайда ойлай білетін, өз еңбегіне жауапкершілікпен қарайтын білімді де кәсіби азаматтар жасайды. Зияткер ұлттың негізін тап солар құрайды».
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей өзі басқарып отырған «Nur Otan» партиясының қолдауымен туған еліміз бен өсіп-өнген жерімізді одан әрі көркейтуге баршамыз бірге атсалысайық!
Қазақстанның қарыштап дамуына өз үлестерін қосқысы келетін, шын мәнінде халқымызға жанашыр белсенді азаматтарымызды, әсіресе жігерлі жастарымызды «Nur Otan» партиясына мүше болып кіруге және праймериз қорытындысы бойынша маған дауыс беруге шақырамын!
Тарихи Қызылжар өңірін әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени тұрғыдан дамытуға бірлесе үлес қосайық!