«Білімнің бастауы – мектеп болса, келешек ұрпақтың алғашқы баспалдағы – бастауыш білім беру саласы» екені баршамызға белгілі. Қай кезде, қай қоғамда болсын жеке тұлғаның қалыптасуы ұстаздан басталады. Білім саласындағы түбегейлі өзгерістер ұстаздан үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Мақтаарал ауданының білім бөліміне қарасты «Нұрлы жол» жалпы орта мектебінде «Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша бастауыш сынып пәндерін оқытуда жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану» тақырыбында семинар болып өтті.
Семинардың басты мақсаты жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқытудың әдіс-тәсілдерімен оқу құралдарын қолданудың тиімділігін арттыру.
Семинар барысында әдебиеттік оқу пәнінен «Көл жағасында» тақырыбында, Lesson Study зерттеу сабағы математика пәнінен «Есептеудің және есептерді шығарудың тиімді тәсілдері» тақырыбында, «Екі амалмен шығарылатын есептер» тақырыбында мамандар өз іс-тәжірибесімен бөлісті. Сабақтар барысында ұстаздар түрлі әдіс-тәсілдерімен, білім платформаларын тиімді пайдаланды.
Айта кетсек, әлемдік білім беру жүйесінің көшінен қалмай, дамудың басым бағыттарын негізге ала отырып, өркениетке аяқ басу білім беру мазмұнына жаңа талаптарды алға тартуда. Қазіргі білім беру жүйесіндегі жаңарулар, ең алдымен, жастардың мәдени, эмоционалдық, зияткерлік, әлеуметтік және рухани жағынан даму мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталуда.
Білім беру бағдарламасының, оқыту тәсілдерінің және бағалаудың қалай құрылуы қажеттігінің мысалын Хименес-Алейхандренің дәлелдерді құрудың оңтайлы оқу ортасына арналған ұсынысынан көруге болады.
1) Оқушылар оқу үдерісіне белсене қатысады. Олар білімдерін бағалап, өздері ұсынған қорытындыларының дәлелдерін ұсынуы және бір-біріне сын тұрғысынан қарауы тиіс.
2) Мұғалімдер оқушыларға бағытталған және дәлелдерді құру мен талдауға арналған рөлдік модельдер ретінде әрекет ететін оқыту тәсілдерін қолданады.
3) Білім беру бағдарламасы проблемаларды шешудің тәсілдерін қамтуы тиіс.
4) Оқушылар мен мұғалімдер пікірлерді бағалауда білікті болуы тиіс және оқушылар тек жазбаша тестілеу бойынша ғана бағаланбауы тиіс.
5) Оқушылар өздерінің алған білімдерін қолдана алуы және білімдердің қалай алынғанын талдай білуі тиіс.
6) Оқушыларға диалогке және бірлескен оқуға қатысуға мүмкіндік беру керек.
Бастауыш сынып пәндеріне арналған оқу бағдарламаларындағы оқу мақсаттары оқушылардан шынайы проблемаларды анықтап зерттей білуді талап етеді. Сондай-ақ, «Бастауыш сынып пәндері бойынша критериалды бағалау және оқытуды жоспарлау» тарауында бағалау және жоспарлау әдіс-тәсілдері анағұрлым толық қарастырылған.