«Асыл — тастан, ақыл — жастан» демекші, Түркістан облысының 6-сынып оқушысы Елдос Елу шаруаларға өте ыңғайлы болатын «Ақылды ферма» ойлап тапқаны туралы ақпарат тараған еді. Оның бұл ғылыми жобаны жасауына өткен жылы еліміздің батыс аймақтарында болған қуаңшылық әсер еткен болатын.
Түркістандық жас өнертапқыштың жобасы аудандық байқауда І орын алса, облыстық кезеңде ІІ орын алып үлгерген. Бүгінде жас өнертапқыштың жұмысы танымалдылыққа ие болуда. Төлеби ауданы, №6 мектепте оқитын Елдос жобаны жасауға өткен жылы аштықтан қырылған малдар себеп болғанын атап өтті.
Бұл тақырыпты таңдауыма 2021-2022 жылдары Батыс Қазақстанда су тапшылығынан жем-шөптің аз болып, малдардың қырылуы түрткі болды. Осы жағдайларды ескере отырып, 6-7-сыныптағы Sketchup бағдарламасы арқылы 3D моделінде «Ақылды ферманың» жобасын сызып шықтым. Ферманың мақсаты – заманауи талапқа сәйкес фермердің басқа да бірнеше жұмысты қатар алып жүруіне байланысты шаруашылығын қашықтан басқаруға, малдардың жем-шөбі мен суын мөлшермен уақытында беруді қамтамасыз ету. Осы жасаған жұмысымды жетекшіммен бірлесіп, ойласа келе ферманың сызбасын құрастырып, автоматтандыру жүйесін Arduino микроконтроллдерінде жасап шықтық, — деді ол.
Аталған жобаны ұялы байланыс арқылы да басқаруға болады, яғни SketchUp бойынша кескіндемелер оңай құрылып, өңделеді. Жобалар skp форматында сақталады. Көптеген танымал пакеттермен салыстырғанда, SketchUp бірқатар артықшылықтарға ие. Оқушысының бойындағы қабілетін байқаған пән жетекшісі Айгүл Ержанқызы жобаны жүзеге асыруға көмектескен. Оның айтуынша, SketchUp пакеті жаңадан бастаушылар үшін өте ыңғайлы. Үш өлшемді модельдеумен таныс емес немесе жай ғана өз бөлмесінің немесе тіпті үстелдің шамамен макетін жасау үшін күрделі кәсіби құралдарды өңдеуді үйрететінін айтып өтті.
Мұндай ғылыми жобаларды жасау үшін оқушының өзінің де қызығушылығы болу керек. Оның пәнге, жұмысына деген ебі болмаса қанша тартқыласақ та ештеңе шықпасы анық. Мұғалім тек бағыт-бағдар беруші. Ең бірінші «Ақылды ферманы» жасаған кезде азғантай қаражат жұмсап материалдарын кестіріп, қидырып алдық. Малдардың жем-шөбін, суын уақытылы нормамен беру үшін телефонға орнатылған бағдарламамен қашықтан басқаруға болады, — деді информатика пәнінің мұғалімі.
Қазір елімізде ауыл шаруашылығында фермаларды автоматтандыру технологиялары жақсы дамып келеді. Бұл технологиялар, өндіріс жүйелері мен бағдарламалық қамтамасыздандыру арқылы тұрақты және тиімді ауыл шаруашылығына жол ашады. Ауыл шаруашылығындағы фермаларды автоматтандыру жобасы қолданысқа енсе, көп ұзамай халыққа үйреншікті және тиімді бола түсер еді дейді жобаны жасаушылар. Қазақ халқының мал шаруашылығына бейім болып келетінін ескерген төлебилік оқушы Елдос «Ақылды ферманың» ұтымды тұстары көп екендігін алға тарттыАқылды ферманың» артықшылығы, қораға жақындаған адам немесе малды сезетіні. Бұл сырттан келген қауіпсіздіктен қорғануды, сонымен қатар, уақытты үнемдеу, қорада тұрып қалған малдарды суыту, денсаулығын қадағалауды да техника автоматтандырып тұрады, — дейді жас өнертапқыш.
Жас өнертапқыштың айтуынша, қорада малдардың орналасуы мен олардың жай-күйі, қоректенуі, қораның жабдықтары арнайы құрылғылардың көмегімен іске асады. Датчиктің көмегімен шлагбаум көтеріледі, уақытылы дән беру мен су толтыру аппараты, жарық беріп тұратын аппарат, малдар бір жерде жатып немесе тұрып қалмау үшін арасында жүргізіп тұратын аппаратты басқару үшін телефонға mawinaa бағдарламасы орнатылады.
Елдос болашақта әке жолын қуып заң қызметкері болып, азаматтардың құқын қорғағысы келетінін айтты. Сүйікті пәндері – орыс тілі, ағылшын, информатика. Бос уақытында футбол ойнағанды, көркем шығармаларды оқығанды жақсы көреді.
Оның сөзінше, аталған жобаның мақсаты – ауыл шаруашылығындағы мал шаруашылығын заманауи талаптарға сай құрылғылармен қамтамасыз ету, шаруашылықты жүргізу барысында оңтайлы әрі пайдасы мол жолды көрсетуді көздейді. Мал шаруашылығын «Ақылды ферманың» көмегімен алдыңғы қатарлы кәсіп қатарына қосу.
Еліміздің әр өңірінде осындай фермалар салынатын болса еңбек өнімділігі артып, өнімнің бәсекеге қабілеттілігі жоғарғы деңгейде сақталады әрі мол өнім алуға мүмкіндік береді. Шаруа уақытын үнемдеп, жұмысын жеңілдетеді. Шәкірттеріміздің жастайынан ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың дамуына үлес қосып жатқаны қуантады, — дейді жетекшісі Айгүл Шахаманова.