Бүгінгі кезекті тікелей эфирімізде «Қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға» тоқталатын боламыз. Жалпы бұл тақырыпқа ерекше тоқталуымыздың себебі, көктем келіп қар еріп, айналамыз құлпыра бастайтын кезеңде өкінішке карай кейбір орындарда қоқыстар шашылып, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмауы орын алып жатады.
Елдімекендер мен көпқабатты тұрғын үй аулаларынан жиналған қатты тұрмыстық қалдықтарды тазалап алу, жиналған қоқыстарды елдімекен сыртындағы полигонға жеткізу, тасымалдау, көму жұмыстарын ұйымдастырумен әр аудан, қала әкімдігінің «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық» мекемесі айналысады. Қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын орындарға бөлінетін жерлерді де жергілікті әкімшілік бөледі. Осы орайда айтып өтетін жайт, әлеуметтік желілерде қоқыс полигондарына қатысты сыни материалдар көптеп көрсетіліп жатады. Жеке кәсіпкерлік меншігіндегі қоқыс полигондарына СЭББ тарапынан қазіргі таңда Қазақстан Республикасында тексерулер және профилактикалық бақылауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы ҚР Президентінің 2019 жылы шыққан
Жарлығына сәйкес, тексеру жұмыстарының тоқтатылғанын ескерте кеткен абзал. Дегенмен мемлекет меншігіндегі қоқыс полигондарына жылына 1 рет тексеру жүргізіледі. Түркістан облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды тастауға арналған жалпы 127 полигон бар. Олардың 70-і мемлекеттің меншігінде болса, қалған 57 полигон жекеменшік. 2022 жылы аудан, қалалық СЭББ-ның тексерулері нәтижесінде полигондарда қоқыс тасымалы көліктерінің дөңгелектерін дезинфекциялау ваннасының болмауы, полигон айналасының қоршалмауы, дезинфекциялық шаралардың жүргізілмеуі, полигонға жақын аймақта тұрғын үйлердің орналасуына жол берілгендігі сынды кемшіліктер анықтап, кемшіліктерге жол берген 36 заңды, 7 лауазымды, 8 жеке тұлғаға жалпы соммасы 17 995 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар ҚР ДСМ 2020 жылғы бұйрығында бекітілген. Қоқыстардың бей берекет шашылуы, уақытылы тазартылмауы, қағидаларға сәйкес көмілмеуі ауа арқылы азаматтар арасында әр түрлі инфекциялық аурушаңдықтардың таралуына алып келуі мүмкін. Жоғарыда аталған бұйрыққа сәйкес, көпқабатты үй аулалары мен жеке үй секторларында төмендегідей ережелер сақталуы керек:
— ҚТҚ жинауға арналған контейнерлерді қақпақтармен жабдықтау;
— Қоқыс контейнерлерін тұрғын үй және қоғамдық ғимараттардан, балалар объектілерінен, спорт алаңдарынан және халықтың демалыс орындарынан кемінде 25 м қашықтықта орналастыру;
— ҚТҚ-ны шығару уақтылы жүзеге асырылып, ауа райы салқын мезгілдерде 3 тәуліктен, күннің ысыған кезінде күнделікті шығарылуы қамтамасыз етілуі тиіс;
— Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинаумен, тасымалдамен айналысатын жұмыскерлер арнайы киіммен, арнайы аяқ киіммен, жеке қорғаныш құралдарымен т.б талаптарды сақтауы керек.
Ал, елдімекен сыртында орналасқан қоқыс полигондарға төмендегідей санитариялық-эпидемиологиялық талаптар қойылады:
— Полигондардың санитариялық-қорғаныш аймағы 1000 метр болуы тиіс.
— Қалдық сақтау қоймаларын сумен жабдықтау көздері болып табылатын жер бетіндегі судың жиегі созылған орындарда, халық шаруашылығында мәні бар ірі өзендер мен көлдердің ең жақын жиегіне (1000 м кем) тікелей жакын жерде, сондай-ақ одан әрі даму перспективасы бар 50 мыңнан астам тұрғыны бар қалаларда орналастыруға жол берілмеуі тиіс;
— Полигонға арналған орындар бөлек, құрылыстан бос, жауын-шашын, тасқын сулар баспайтын, адамдардың жаппай демалу орындарынан қашық орналасуы керек;
-ҚТҚ полигонында биоқалдықтарды: өлген жануарлардың өлекселерін, конфискаттарды, тұтас ет қалдықтарын тастамау;
— Көмілген қалдық сақтау қоймасы биіктігі кемінде 2 м қоршаумен қоршалуы керек.
Нұрбек Нышанов
Түркістан облысының СЭБД басшысы