Халқымыздың «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген мақалын жиі естейміз. Неге екені белгісіз осы мақалдың «Жақсы кәсіп – толық ырыс» деген жалғасы барын көбіміз біле бермейді екенбіз. Иә, адам өмірден өз орнын тауып, тұрмысын түзеп, елге пайдасын тигізуі үшін оған жақсы, берекелі кәсіп көзінің керектігі даусыз. Әрі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бүгінде ел экономикасын алға ілгерілетудің бірден-бір жолы болып отыр. Сондықтан да болар елімізде кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің түрлі жолдары, тетіктері көбейіп келеді. Соның бірі – мемлекеттен берілетін қайтарымсыз гранттар.Арболиттен салынған үй: қыста – жылы, жазда – салқын
Ерекше жоба авторларының бірі – Нұрымжан Шойбеков. Ол – ағаштан жасалатын арболит блоктарын өндіруді Қазақстанға алғашқы болып алып келген кәсіпкер. Бұрын құқық саласының қызметкері болып еңбек еткен Н.Шойбеков «Елдің өнеркәсібіне үлес қосуды әу бастан қалап жүрдім» дейді.
–Мен өндіріспен айналысуды жастайымнан армандадым. Бірақ сол қаржы жетіспеушілігі қолбайлау болатын. Бірнеше жыл Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында жұмыс істедім. Сол уақытта түрлі кәсіпкерлемен әңгімелесіп, осы арболит блоктары жайында естідім. Кейіннен соның жасалу жолына қызығушылық таныта бастадым. Бұл өнім ХХ ғасырдың отызыншы жылдары Еуропада шығарыла бастаған екен. Ал Кеңес Одағы дәуірінде алпысыншы жылдары танымал болған. Сол уақыттарда монша салуға көп қолданған. Біздің елге 2015 жылдардан бастап келді. Содан бастап мен өзім құжаттарын дайындап, сертификатын алып, осы өнімді өндіріп көруге кірістім. Бизнес-жобам арқылы қайтарымсыз грантты жеңіп алдым. Қазір Шымкентте атап айтарлықтай танымалдылыққа ие болған жоқпыз. Тұтынушылар солтүстіктен, орталық Қазақстаннан тапсырыс беріп жатыр, – дейді кәсіпкер.Оның айтуынша, арболиттің ерекшелігі одан салынған ғимарат қыста суықтан, жазда ыстықтан жақсы қорғалады. Құрамы ағаш пен цементтің қосындысы болғандықтан салмағы да жеңіл. Бұл құрылыс жұмысын едәуір жеңілдетеді. Қаржысы жағынан да үй салушыға тиімді. Себебі, арболиттен салынған үйді қосымша жылытқышпен қаптап әуре болмайсыз. Қабырғаға шеге қағуда қиындық тудырмайды. Экологиялық таза өнім болғандықтан адам денсаулығына зияны жоқ, керісінше пайдалы екен.
«Бастау бизнес» жобасы – жұмыссыздықты азайтып қана қоймай, монополист компанияларға бәсекелестік тудырып, нарықтағы бағаларды төмендету мақсатында ұйымдастырылған. Бұл жоба бес жыл ішінде бірқатар жетістіктерді көрсетіп отыр. «Бизнес Бастау» жобасы нақты жұ-мыссыздарға және кәсіпкерлікті енді бастаған жандарға арналған. 5 жыл ішінде 185 мыңға жуық қазақстандық кәсіпкерлік негізін оқып, 53 мың бизнес-жоба жүзеге асырылды. Яғни, «Бизнес Бастау» жобасының әр үшінші түлегі өз кәсібін бастаған. Жоба түлектері 70 мыңға жуық жұмыс орнын ашып, 1,5 млрд теңгеден аса салық төлеген.
Мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелеткен Эсмеральда Ибрагимова да ойыншық жасау жобасын іске асырып отыр.
–Ұлым интернеттен ойыншық жасау технологиясын көріп, осы өндіріске қызығып жүрді. Біздің елде баланы дамытушы ойыншықтарды өндіру ісі кенжелеп, көбіне шет елден импортталады. Бұл Ресейде өте жақсы дамыған. Өздігімнен ойыншақтардың жасалу жолын меңгеріп, түрлі эскиздерді алдын ала дайындап шықтым. Маған бала ойнап отырып, көп нәрсені үйрене алатындығы маңызды болды.Мысалы, мына (суретте) ойыншық үй арқылы бала сағат тілін түсінуді үйрене алады, түстерді ажыратады, бәтеңкенің бауын байлап, түйме қадауды да игереді. Мұндай зейін ашар ойыншықтарымыздың түрі көп. Бізге көбіне тапсырыстар балабақша мен мектептерден түседі. Сондай-ақ әлеуметтік желі арқылы да сатып алушы ата-аналар бар. Алғашында жұмысты ағаш кесетін қондырғыны ұлымның досынан жалға алып, бастадық. Грант арқылы соңғы үлгідегі қондырғыға қол жеткіздік. Мемлекеттің осындай қолдауына алғысым шексіз. – дейді Э.Ибрагимова.