Сегізінші шақырылған Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің алдағы бесжылдықтағы дамуының негізгі бағыт-бағдарын айқындап, Парламент пен Үкіметтің және өңірлердегі жергілікті биліктің алдына нақты міндеттер қойды. Өткен 2 жыл бойына еліміздің саяси жаңғыруына басымдық берілгенін айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы енді экономикадағы қордаланған мәселелерді шешетін уақыт жеткенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстандағы қазіргі экономикалық жүйе инвестицияны ең бірінші кезекте шикізат секторына тартуға бейімделгенін, ал шағын және орта кәсіпкерліктің жекелеген өңірлерде ғана жүйесіз түрде дамып жатқанына айтты. Президент шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты болуы керектігі жөнінде көп айтылғанымен, іс жүзінде бұл бағытта елеулі алға жылжудың болмағанына тоқталып, соның салдарынан әлі күнге дейін азық-түлік өнімдері мен күнделікті тұтынатын тауарларға дейін шет мемлекеттен импортталып жатқанын, инфляцияның бақылаусыз өсіп кетуінің негізгі себебі осы екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы «Еліміздің экономикасы сыртқы саудаға және инвестицияға әрдайым ашық. Қазақстан – Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі. Сондықтан сыртқы саудамызды еркін түрде дамытуымыз керек. Бірақ кемінде өз әлеуетіміз жететін нәрселермен өзімізді қамтамасыз етуіміз қажет. Мысалы, шикізат та, мамандар да, кейбір технология да өз елімізде бар. Елдің ішкі сұранысын өтеуге қатысты бір негізгі ұстаным болуға тиіс. Ең алдымен, ішкі нарыққа бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамытуымыз қажет» деп, отандық экономиканы дамытудың нақты бағдарын белгілеп берді.
Расында, отандық өнеркәсіптің ішкі нарықтағы сұранысты өтей алмай отырғаны айдан анық. Осындайда халқымыздың «Кісідегінің кілті аспанда» деген мәтелі ойға оралады. Күнделікті қажетті заттың бәрін өзіміз өндірмей, шетелдерден сатып алып келеміз. Бүгінгі қымбатшылықтың негізгі себебі де осы сияқты. Шымкент қаласының 2021-2022 жылдардағы сыртқы саудасының негізгі көрсеткіштеріне қарап айтуға толық негіз бар.
Шымкент қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сүйенсек, шаһардың сыртқы сауда айналымы өткен 2 жылдың (2021-2022 жылдар) қорытындысы бойынша 2 миллиард 603,8 миллион АҚШ долларын құраған. Бұл көрсеткіш, әрине, пандемия кезеңіндегіден әлдеқайда жоғарылаған. 2019-2021 жылдары Шымкенттің сыртқы сауда айналымы 1 миллиард 924,8 миллион АҚШ долларын құраған болатын. Яғни, Шымкенттің сыртқы экономикалық белсенділігі жылдан жылға артып келе жатыр деген сөз. Бірақ, екінші жағынан сыртқы сауданың құрылымына зер салар болсақ, ондағы импорттың көлемі экспортқа қарағанда шамамен 2 есеге жоғары екенін байқаймыз. Нақтырақ айтар болсақ, өткен 2 жылда экспорт көлемі 864 миллион АҚШ долларын құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 14,8 пайызға өскен. Ал, импорт 1 миллиард 739,7 миллион (!) АҚШ долларына жетіп, 12,9 пайызға өсіпті. Яғни, ұлттық валютамен есептесек, Шымкент қаласына шет елдерден 2 жылдың ішінде шамамен 780 миллиард теңгенің өнімі әкелінген.
Енді қалаға импортталған тауарлардың бағыты мен құраламын шолып өтейікші. Импорт бойынша Шымкент қаласының негізгі серіктестерінің бірі – Ресей. Солтүстік көршімізден Шымкентке 2 жылдың ішінде 456,1 млн. АҚШ долларының тауары әкелінген. Ал, Қытайдан – 227,2 миллион, АҚШ-тан – 331,7 миллион, Өзбекстаннан – 114,9 миллион, Түркиядан – 84,3 миллион, Бельгиядан – 45,7 миллион АҚШ долларының тауарлары тасымалданған.
Шымкенттің осынша қаржыға шетелдерден не сатып алғанына назар аударайық. Ең алдымен, тік ұшақ, ұшақ және олардың шасси жабдықтарын – 311,9 миллион долларға сатып алыппыз. Қала берді, дәрілік заттарды – 90,5 миллион, жеңіл автокөліктерді – 79,5 миллион, целлюлоза қағаздары мен картонды – 41,7 миллион, автомобиль дөңгелектерін – 40,2 миллион, тоқыма бұйымдарын – 36,5 миллион және қара металдан жасалған бұйымдарды 28,6 миллион АҚШ долларына сатып алынған.
«Azala Cotton» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы аумағында орналасқан мақта иірім жібін шығаратын елдегі жалғыз фабриканы ашқан. Бұл кәсіпорынға тартылған инвестицияның жалпы көлемі 7,07 млрд. теңгені құрайды. Кәсіпорын 300-ге жуық адамды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. Фабриканың өндірістік қуаты жылына 6 мың тоннаға дейін кардтық және тарамдалған мақта-мата иірім жібін шығаруға мүмкіндік береді. Компания бүгінде қолданыстағы өндіріспен қатар синтетика аралас иірілген жіп шығаратын цех салуды қолға алған. Сонымен қатар, «Azala Textile» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жіп иіруден бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндіріс циклі бар фабрика ашқан. Онда жылына 2,8 мың тонна иірім жіп пен 14 миллион метр қатты матадан дайындалатын тоқыма бұйымдары шығарылады. Бүгінгі таңда кәсіпорын дайын маталар, түкті және вафельді сүлгілер, жаймалар, төсек-орын жабдықтарын, жастық-көрпе тыстары мен балаларға арналған тоқыма бұйымдарды нарыққа шығарып отыр.