Бүгін Шымкент қаласы әкімдігі мен «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы арасында газ және газ мотор отыны саласындағы ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумға қол қойылды.
Шымкент қаласы әкімдігінің ғимаратында өткен басқосуға қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов және ұлттық компанияның басқарма төрағасының орынбасары Акбар Төлегенов және өзге де жауапты тұлғалар қатысты.
Алдағы уақытта меморандум негізінде компания Шымкент қаласының әкімдігі бөлген жер учаскелеріне автомобильдік газ толтыруға арналған 3 компрессорлық станциялар салуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктер сұйытылған газды тұтынады. Әкімдік алдағы уақытта барлық коммуналдық техниканы да сұйытылған газға көшіруді жоспарлап отыр. «QazaqGaz» ұлттық компаниясы салатын станциялар осы техникалардың барлығын сұйытылған газбен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігі мен «QazaqGaz» АҚ арасында газ және газ мотор отыны саласындағы ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумға қол қойылды. Олар қоғамдық көліктерге арналған мамандандырылған газ құю бекеттері мен коммуналдық арнайы техникалар салуды жоспарлап отыр.
«Біз меморандум аясында 3 газ құю станциясының құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Яғни, бекеттер газбен қатынайтын қоғамдық көліктерге арналады. Жалпы қалада тұрғындардың басым бөлігі автобуспен қатынайтындықтан, бұл келісімнің маңызы зор деп есептеймін»,- деді «QazaqGaz» ҰК» АҚ басшы орынбасары Акбар ТӨЛЕГЕНОВ.
Станциялар осы жылдың соңына дейін іске қосылады. Отынның бұл түрі дизельдік отынмен салыстырғанда арзанырақ және қоршаған ортаға зиянсыз дейді мамандар. Бұл тұста үшінші мегаполистегі автобустардың басым бөлігі газбен жүретінін ескерген жөн.